Ұлы дала өсиеті

/uploads/thumbnail/20170708195453963_small.jpg

Қазақ хандығының 550 жылдығы қарсаңында «Қазығұрт» баспасынан «Ұлы дала өсиеті» атты кітап жарық көрді. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің мерейтойға тарту ретінде ұсынған жинақтан  дана бабаларымыздың соңына өлшеусіз мұра ретінде қалдырған ой маржандарын оқи аласыздар. 

2015 жылдың 2 шілдесінде елорда­мыз­дағы «Көрме» орталығында    Мем­л­е­кет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев­тың қатысуымен «Нұрлы жол» және Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламаларының іске асырылуы барысына арналған жал­пыұлттық телекөпірдің өткені белгілі. Жиын соңында іс-шараны қорытынды­лап, халықпен ой бөліскен Елбасы Қа­зақстанның бейресми символдық атауын бүкіл әлем бойынша ілгерілету ту­ралы тың міндет қойып, «Әдетте, Жа­понияны – күншығыс елі, Кореяны – таңғы шық елі, Нидерландыны – қыз­ғалдақтардың отаны, Қытайды – аспан асты елі деп жатамыз. Қазақстанға да осын­дай атаулы бренд жетіспейді. Біз – Ұлы даланың перзенттеріміз. Біздің ба­баларымыз осы далада өмір сүріп, көк­ке табынған. Тәңірі дегеніміздің өзі – көк аспан. Біздің туымыздың көк түсті болуы­ның астарында да осындай сыр бар. Бірегей көк түс – еліміздің бірлі­гі­нің белгісі. Ендеше, бізге неге өзімізді Ұлы дала еліміз деп атамасқа» деген ойын білдірген еді. 
Елбасының жұртқа ой тастаған осы сөздерін негізге алған Оңтүстік Қазақ­стан облысының әкімдігі Ұлы даланың рухани байлығымен халықты қайта қауыш­тырып, қоғамдық санада сол ұлы мұрамызды жаңғырту мақсатында «Ұлы дала өсиеті» жинағын шығаруға мұрын­дық болған еді. Игілікті іс-шараны жү­зеге асыру үшін облыс әкімдігінің бас­шы­лығымен өңірдегі танымал ға­­­­лым­дардан, әдебиеттанушылар мен та­рихшылардан тұратын шығармашылық топ құрылды. Дана бабаларымыздың соңына өлшеусіз мұра ретінде қалдырған ой маржандарын және қолына қалам ұстаған сөз зер­гер­лерінің тағылымды ой түйіндерін зерт­теген шығармашылық топтың жасаған жұ­мысының арқасында «Ұлы дала өсие­ті» жинағы жарық көріп, Қазақ ханды­ғы­ның 550 жылдық мерейтойы қар­саңын­да халықтың рухани игілігіне ай­­­на­лып отыр. 
«Ұлы дала өсиеті» кітабының бета­ша­ры ретінде тәуелсіздік туын тігіп, мем­лекетіміздің әлемдегі дамыған отыз ел­дердің қатарынан табылуы үшін ерен ең­бек атқарып келе жатқан Қазақстан Ре­с­публикасының Тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ой-тұжырым­дары берілді. 
Жинақ үш бөлімнен тұрады. «Ой тү­бінен шыққан сөз..» деп аталатын ал­ғашқы тарауда біздің дәуірімізге дейінгі мыңжылдықтарда өмір сүрген Анхар­систен бастап (Анақарыс), түркі дүние­сіне өлшеусіз үлес қосқан – Тоныкөк, Білге қаған, Күлтегін сияқты, сондай-ақ іргелі мемлекет құрған ойшыл да қол­­басшы тұлғалардың тасқа бәдізделіп, бізге жеткен ғажайып ойлары сарапта­лып, бір ізге түсірілді. «Қара қылды қақ жарған» тарауынан қазақтың би-ше­шен­дері, ақын-жырауларының ел болу идеясы, атамекен, ерлік пен имандылық төңірегіндегі құнды ой-пікірлерін оқи аласыздар. «Құмнан алтын сүзгендей» деп аталатын соңғы бөлімде елдің еге­мендігін аңсап, жанын пида еткен Алаш ардақтылары мен тәуелсіздік идеясын ұлтымыздың санасына сыналап сіңірген сөз зергерлерінің ой-толғамдары көрініс тапты. 
Қандай заманда да халқымыз дала да­нышпандарының сөз өнерін жоғары бағалап, «атадан – өсиет, анадан – қа­сиет» деп оны өмірінің негізгі бағдар­ша­мына айналдырған. Жөн сөзге тоқта­ған, ата­лы сөзге құлақ асқан, өмір түйт­кіл­дері­нің бәрін де кеңесіп отырып ор­тақ мә­мі­леге, бір шешімге келген. 
«Ұлы дала өсиеті» жинағы сол ұлы дәс­түрдің жалғасын табуына септігін ти­гізіп, ұлы бабаларымыздың даналық ой ұшқындары жас ұрпақтың рухын ке­мелдендіріп, олардың бойына мәң­гі­лік рухани азық боларына сеніміміз кә­міл. 

Қатысты Мақалалар