Күні кеше Алматыдағы «Интерконтиненталь» қонақүйінде отандық дзюдо күресінің егесін көгертіп жүрген бір топ азаматқа құрмет көрсетілді. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жуырда ғана Астанада дзюдодан әлем чемпионаты аяқталған болатын. Сол жарыста аса жеңіл салмақта белдескен Елдос Сметов бас жүлдені қанжығасына байласа, Рустам Ыбыраев күміс медальді мойнына ілді. Жалпы, командалық есепте Қазақстан құрамасы 120 мемлекет өкілдері арасынан төртінші орынды иеленді. Алдымызда тек Жапония, Франция және Оңтүстік Кореяның балуандары. Бұл Қазақстан дзюдосы тарихындағы теңдессіз оқиға екені даусыз.
Алматыдағы жиын барысында алғашқы болып сөз алған республикалық дзюдо федерациясының президенті Кеңес Рақышев Астанадағы жарыстың мәні мен маңызына тоқталып, осы жарыста жасындай жарқыраған қос қандасымызға, олардың жаттықтырушылары және әлем чемпионатының ойдағыдай өтуі үшін тер төккен осы саланың басы-қасында жүрген азаматтарға зор алғысын білдіріп, оларды ақшалай сыйлықтармен марапаттады. Сондай-ақ осыдан біраз уақыт бұрын Сараевода өткен жасөспірімдердің әлем біріншілігінде қарсылас шыдатпай, алтын жүлде алған дарынды балуан Айболат Ыстыбайға ерекше құрмет көрсетілді.