Маңғыстаудың марқасқа ұлы Әділбек Ниязымбетов таяуда күллі қазаққа тағы қуаныш сыйлап, Тайландта өткен Азия чемпионатынан 81 келіге дейінгі салмақта алтын иеленіп, Азия чемпионы атанды. Бұл туралы "Қамшы" порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Былғары қолғап шебері осы уақытқа дейін шаршы алаңда 170-тен астам кездесу өткізіп, оның 150-інде жеңіске жеткен.
Әділбек қазіргі таңда қазан айында Катарда өтетін Әлем чемпионатына дайындалуда. Боксшымыз Әлем чемпионатынан жеңімпаз атанса, 2016 жылы Рио де Жанейрода өтетін Олимпиада ойындарына жолдама алады. Сондықтан дайындықты мықтап қолға алған. Жарыс алдындағы соңғы дайындық Астана қаласында өтеді.
– Алдымен дүбірлі дода аяқталғанша көгілдір экранның алдында тапжылмай отырып жанкүйер болған бүкіл отандастарыма рақмет айтамын. Азия чемпионатынан алған жүлдемді тәуелсіз елімде тойланып жатқан Қазақ хандығының 550 жылдығына арнадым. Бұл – бабалар рухына тағзым. Жалпы, дүбірлі додаға ұзақ уақыт дайындалдым, денсаулығыма байланысты 10 айдан бері шаршы алаңға шықпаған едім. Жарыс өте тартысты өтті. Финалға дейін үш қарсыласпен шықтым, олармен жұдырықтасу аса қиын болды деп айта алмаймын. Ақтық сындағы қарсыласым өзбекстандық Елшод Расулов болуы тиіс еді. Бірақ жарақатына байланысты ол рингке шықпады, жұдырықтасудан бас тартты. Мұның өзі маған Алланың жеңілдігі деп ойлаймын. Нағыз қарсыластар – алдағы айда өтетін Әлем чемпионатында. Өйткені бұл жарыстан топ жарғандар Олимпиада ойындарына жолдама алатындықтан, дайындық та жоғары деңгейде болады. Менің басты межем – Олимпиада чемпионы атану! – дейді Әділбек.
Әділбек Ниязымбетов 1989 жылы Сәбит пен Райханның отбасында дүниеге келіп, төрт баланың ортасында тәрбиеленген. Отыз жылға жуық уақыт отасқан шаңырақта Батырбек, Әділбек, Құмар, Әсемай дүниеге келген. Қос жұп балаларын қазақы тәрбиемен жетілдірген. Әрқайсысының жоғары білім алып, өмірден өз орындарын табулары үшін ерінбей еңбек еткен. Әділбек спортта бағындырған әрбір жеңісін ата-анасының берген тәрбиесімен байланыстырады.
– Әкеміз жас кезінде спортпен айналысқан. Кейін отбасылық жағдайына байланысты спортпен қоштасуына тура келген. Сондықтан болар, өзінің спортта бағындырмаған жетістіктерін балаларының бойынан көргісі келді. Әкеміз үнемі «Ертең менің ұлым, тіпті қызым болса да боксқа беремін. Спортпен айналысу үшін оларға қолымнан келгенімді жасаймын» деп өз-өзіне уәде бергенін, өзінің жетпеген биігін балаларының бағындырғанын қалағанын жиі айтып отырады. Әкем кішкентай кезімізде ағам Батырбек екеуімізді өзі үйден дайындап жүрді. Кейін бізді досы, белгілі бапкер Рашид Сейітовтің бокс секциясына қатыстырды. Отбасымызда тек әкеміздің айтқан сөзі заң, отбасылық шешімді әкеміз ғана қабылдайды. Анамыз біздің шаруамызға мүлдем араласпайтын, тек сабақ жағынан көмектесетін. Әкеміз бізді қатал ұстады, нағыз ер азамат ретінде тәрбиеледі. Соның нәтижесі жаман болды деп ойламаймын. Қандай шыңды бағындырсам да, қандай да бір жетістікке қол жеткізсем, соның барлығы ата-анамның маған берген тәрбиесі, бапкерім Марат ағамның дайындығының жемісі деп білемін. Атым Әділбек қой, әділдікті сүйемін. Табанды еңбек етіп, жаттығуымнан қалмай, бапкерімнің айтқанын орындап, темірдей тәртіпке бағынамын. Тәртіпке бағына білсең ғана жетістікке жетесің. Атамыз Бауыржан Момышұлының «Тәртіпке бағынған құл болмайды» деген сөзін үнемі жадымда ұстаймын. Болашақта өзім де перзенттерімді әкемнің жолымен тәрбиелейтін боламын, – дейді Әділбек.
Жалпы, Ниязымбетовтер отбасы спортқа жақын. Әулеттің тұңғышы Батырбек кезінде бокспен айналысып, бокстан спорт шеберлігіне үміткер атанған. Кейін отбасын құрып, бұл саладан алшақтап кеткен. Қыздың үлкені Құмар болса, киокушинкай-каратэға қатысып, Азия чемпионатында қола жүлдегер атанған. Уақыт өте келе ата-анасы қыз бала болған соң спортпен толық айналысуына шектеу қойып, білім алуын дұрыс санапты. Әке арманын жүзеге асырып, үмітін ақтау үшін спортта Әділбек ғана қалады. Талай шыңды бағындырған кейіпкеріміз жас болса да, Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, «Құрмет» орденінің иегері атанды.
– Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Халқымыз әкені асқар тауға балаған. Ешқашан алдын кесіп өтпеген. «Жұмақ – ананың аяғының астында» деп анасын сыйлаған. «Бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған. Сондықтан елімізде ауызбіршілігі артқан үлгілі отбасылардың қатары көбейе берсін. Қазағым бейбіт заманда бақытты ғұмыр кешсін, – деп ақ тілегін ақтарды бізбен қоштасарда Әділбек Ниязымбетов.
Сөз соңында Әділбек Ниязымбетовтың спорт саласындағы жетістіктеріне тоқтала кетсек. Әділбек алғаш рет 2007 жылдың жазында Алматы қаласында өткен жастар арасындағы Азия чемпионатында жеңімпаз атанды. Араға уақыт салып, 2008 жылы Тараз қаласында өткен ересектер арасындағы 69 келі салмақ дәрежесінде Қазақстан чемпионатын жеңіп алды. Ол кезде Әділбек 18 жаста еді. Кейін 2009 жылы Қостанай қаласында өткен Қазақстан чемпионатында осы жетістігін қайталап, екі дүркін ел чемпионы атанды. 2011 жылдың наурыз айынан бастап Әділбек 81 келі салмақта шыға бастады. Атырау қаласында өткен қазақ батырлары Махамбет Өтемісұлы мен Исатай Тайманұлының жүлдесіне арналған халықаралық турнирде жеңімпаз атанып, мамыр айында Алматы қаласында өткен Сағадат Нұрмағамбетовтің жүлдесінде «турнирдің техникасы мықты боксшысы» деген атақты иеленді. 2010 жылы Моңғолияда өткен Әлем чемпионатында 3-орын, 2011 жылы Бакуде өткен Әлем чемпионатында 2-орын алып, Лондонда өтетін жарысқа жолдама алды. Сөйтіп, Лондон Олимпидасының күміс жүлдегері, кейін Азия чемпионы атанды.
...Қашанда өзге мемлекетте Қазақстанның Әнұраны әуелеп, көк байрағы желбірегенде кеудемізді мақтаныш сезімі кернейтіні рас. Сондай кезде жаттықтырушыларымыз бен спортшыларымыздың төккен тері зая кетпегеніне қуанатынымыз бар. Лайым, сондай шуақты сәттеріміз, жеңісті күндеріміз көп болғай! Спортшыларымыздың бағындырар белестері толастамасын.