«Nur Otan» партиясының Қоғамдық саясат институты ұйымдастырған «Қазақстанның партиялық-саяси жүйесінің эволюциясы: сын-қатерлер, жетістіктер мен келешегі» атты екі күндік халықаралық форум аясында шетелдік және отандық сарапшылар, 15 елдің саяси партиялары мен халықаралық ұйымдарының өкілдері өз пікірлерімен бөлісуді жалғастыруда.
Ұлыбританиядан келген Халықаралық саяси кеңесшілер қауымдастығы директорлар кеңесінің мүшесі Ричард Мёрфи «Nur Otan» партиясы өткізген праймериздерді жоғары бағалады.
«Праймериз – бұл партия ішіндегі үдерістерді демократияландыруға бағытталған өте маңызды және мағыналы қадам деп есептеймін. «Nur Otan»-ның партияішілік сайлауына 10 мың кандидат қатысса, оның 40%-ы – әйелдер, үштен бірі – жастар. Бұл – мақтануға тұрарлық көрсеткіш. Партиялар үшін эволюция өте маңызды. Өйткені үнемі жаңа сын-қатерлер пайда болады, ал оларға қарсы тұру үшін оған бейімделу қажет. Мен әлемдегі ең көне және табысты партия – Британдық Консервативтік партияның мүшесімін. Қазір бұл мен 40 жыл бұрын қосылған партия емес. Ол өзгерді, әр 10 жыл сайын өзгереді. Саяси партиялар адамдардың келуін күтіп отыра алмайды, оларға өздері барулары керек, проактивті болуы қажет. Біз «Nur Otan»-ның дәл осылай әрекет ететінін көріп отырмыз және оның болашағы жарқын болатынына сенімдімін»», - деп өз ойымен бөлісті Ұлыбританиядан келген сарапшы.
Өзбекстанның Либералды-демократиялық партиясының өкілі Бахтиер Якубовтың пікірінше, партияаралық байланыс екі елдің жаһандық сын-қатерлерді еңсерудегі тиімділігін арттырады.
«Қазақстан Тәуелсіздіктің 30 жылы ішінде біртұтас қоғам қалыптастырып, мықты мемлекет құрды. Бұл жетістіктер сөзсіз «Nur Otan» Лидері Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен байланысты. Өткен парламенттік сайлаудағы «Қиындықты еңсеріп, жеңіске бірге жетеміз!» деген партияның ұраны оның жалпы халықтың мүддесіне барынша арқа сүйеуге ұмтылатынын әйгілейді. Біз достыққа, тату көршілікке және стратегиялық серіктестікке негізделген екіжақты қатынастардың қазіргі жоғары деңгейіне ризашылық білдіреміз. Соның арқасында біз қазіргі заманның жаһандық сын-қатерлеріне лайықты жауап бере алатынымызға сенімдімін», - деп атап өтті Бахтиер Якубов.
Ақпарат және саяси талдау орталығының директоры, Орталық Флорида университетінің профессоры Хоуман Садридің айтуынша, праймериз американдық партиялық жүйеге тән және еуропалық жүйеге қарама-қайшы.
«Себебі Еуропада барлық мәселелер бойынша түйінді партия жетекшілері жасайды. Сондықтан, саясаттанушы ретінде мен үшін, осы жағдайлардың американдық және еуропалық жүйелердің элементтерін біріктіретін Қазақстанда қалай жүзеге асып жатқаны зор қызығушылық тудырады», - деді Хоуман Садри.
Ресейлік сарапшы, «Валдай» халықаралық пікірталас клубының бағдарламалық директоры Тимофей Бордачёв партияларға жас буынмен арадағы диалогты нығайтуға назар аудару қажет деп есептейді.
«Менің ойымша, Ресей мен Қазақстанның ортақ мүдделері мен бір-біріне түсінікті стратегиялары бар екеніне ешкімнің күмән жоқ. Оның ішінде партиялық құрылыс және саяси ұйымдар саласы да бар. Қазір бізде жаңа буын өсіп келеді және 10 жылдан кейін Ресейдің сыртқы саяси шешімдерін мүлдем басқаша ойлайтын адамдар анықтайды. Олар әлдеқайда прагматик жандар. Меніңше, екі елдің жас партиялық мамандарының диалогы – біздің бірлескен жұмысымыздың басты бағыты», - деп атап өтті Тимофей Бордачев.
Еске сала кетейік, 600-ден астам шетелдік және отандық сарапшылар, саяси партиялардың, халықаралық ұйымдардың және 15 елдің, оның ішінде Ресей, Қытай, АҚШ, Еуропа, Түркия, Әзірбайжан және Орталық Азия дипломатиялық корпусының өкілдері сайлау жүйелерін дамытудың өзекті мәселелерін, заманауи электоралдық трендтерді, дәстүрлі және балама идеологиялардың келешегін талқылау үшін панельдік сессияларға қатысуда.
Пікір қалдыру