Бөлшек сауда көлемі ұлғайды
Тамызда еліміздегі бөлшек сауда көлемі 549 млрд теңгеге жетті. Бұл былтырғы осы мерзіммен салыстырғанда, 4,3 пайызға артық. Мұндай ақпаратты Ranking.kz мониторинг агенттігі жария етті.
Алайда жылдық өсім бұрынғыдан бәсеңдеп келеді. Өткен 5 жылда бөлшек сауда орта есеппен жылына 22 пайызға артқан. Еліміздің 13 аймағында өсу бар, соның ішінде Атырау облысындағы бөлшек сауда 9,1 пайызға (14,7 млрд теңге) артса, Қызылорда облысы 8,4 пайызға (16,5 млрд теңге) алда келеді. Ал Астанадағы бөлшек саудадағы тауар айналымы 3,7 пайызға артқан. Осылайша қаладағы барлық өткізу арналары бойынша бөлшек сауда көлемі 413791,7 млн теңгені құрады. Алайда, қаладағы сауда айналымы 4,1 пайызға төмендепті. Биылғы қаңтар – тамыз аралығындағы базарлармен және жеке кәсіпкерлермен жасалған сауда айналымы 119124,1 млн теңгені құраған. Ал ресми кәсіпорындардағы бөлшек сауда көлемі 294667,6 млн теңгені көрсетіп отыр. Бұл биылғы жылмен салыстырғанда, 7,2 пайызға жоғары.
Статистика комитетінің мәліметтері де осыған саяды. Биылғы қаңтар – тамызда бөлшек сауда көлемі өткен жылғы кезеңмен салыстырғанда, 2,8 пайызға жоғарылаған. Статистика комитеті сауда кәсіпорындары арқылы тауарларды өткізу көлемі 2 052,8 млрд теңгені құрағанын хабарлады. Ал базарлармен және жеке кәсіпкерлермен сауда көлемі 6,6 пайызға көбейген.
Бөлшек саудада негізінен, азық-түлік емес тауарлар басым болып тұр. Мұндай тауарлардың бөлшек саудадағы жалпы көлемі 64,6 пайызға теңелді. Ал азық-түлік тауарлары 2,3 пайызға ұлғайды.
Ал көтерме сауда керісінше, екі айдан беріп төмендеп жатыр. Былтырғы жылмен салыстырғанда, биылғы шілде, тамыз айларында көтерме сауда кеміп кетті. Бір ғана тамыз айында көтерме сауда көлемі 8,9 пайызға төмендеді. Көтерме саудадағы жылдық өсім де көңіл көншітпейді, осымен екі жыл қатарынан деңгейі түсіп жатыр. Жылдық өсім бойынша көтерме саудадағы көлемі артқан бір ғана аймақ бар, ол Астана. Астанадағы көтерме сауда көлемі 7,9 пайызға жоғарылапты. Қаңтар – тамызда 1790,4 млн теңгеге сауда жасалған. Көбіне, тұтыну тауарлары мен өндірістік-техникалық бағыттағы өнімдер сатылғаны мәлім болды. Бас қаладағы қоғамдық тамақтандыру қызметі де 7,6 пайызға жоғарылады. Осылайша 2013,2 млн теңге көлеміндегі тамақтандыру қызметі көрсетілген. Ал автомобильдерге, мотоциклдерге техникалық қызмет көрсету, сондай-ақ оларды жөндеу қызметі 3502 млн теңгені құрап, былтырғы жылға қарағанда 2,2 пайызға жоғарылаған. Елордада жылдық өсім 6,1 пайызға жоғарылап, 237,4 млрд теңге көрсеткішке ие болды.
Жалпы алғанда, еліміздегі бөлшек және көтерме сауда саласындағы банктік депозит қоржынының да қауқары мәз емес. Бір жылда 9 пайызға төмендеп, 2,12 трлн теңгеге жеткен. Бұл көрсеткіш жыл басынан бері осылай келе жатыр. Соңғы рет бұл саладағы айлық өсім биылғы қаңтарда тіркелді. Ол кезде өсім көлемі 0,6 пайызға ұлғайып, 2,34 трлн теңгеге жеткен болатын. Бөлшек және көтерме саудадағы негізгі капиталды инвестициялау да азайып келеді. Мұндағы жылдық өсім былтыр 11 пайызға (2013 жылғы осы мерзіммен салыстырғанда) артық еді, ал биыл былтырғымен салыстырғанда, 0,6 пайызға төмендеп отыр.
Пікір қалдыру