Германияның Одердегі Франкфурт қаласында «Бранденбург кубогы» деп аталатын турнир аяқталды. 17-18 жас аралығындағы 20 мемлекеттен келген 128 боксшының басын қосқан жарыста Қазақ елінің әнұраны екі мәрте шырқалды.
Осы жарыста 52 келі салмақта бақ сынаған Айдос Арапов өзін жақсы қырынан көрсете білді. Бастапқы бәсекелерде барлық қарсыластарын едәуір ұпай айырмашылығымен ұтқан Қостанай облысының өкілі жартылай финалда ресейлік Роберт Родионовтан айласын асырса, ақтық айқаста ирландиялық Шанне Флавиннен басым түсті. Командалық әріптесінің жеңісті жолын Әділхан Аманқұл жалғастырды. 75 келі салмақта өнер көрсеткен Тараздың тастүлегі шешуші тұста Ресей боксшысы Жамал Махмудов пен Францияның мықтысы Луис Тойтинді тізе бүктірді. Осылайша, неміс жерінен қазақтың дарынды жастары қос алтын медальмен оралды.
Жалпы есепте Германия құрамасы озды. Жарыс қожайындары 5 рет бас жүлдені олжалады. Екінші орында – Қазақстан. Содан кейінгі орындарға Ұлыбритания, Ирландия және Ресейдің ұлттық құрамалары жайғасты.
Пікір қалдыру