Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында Энергетика министрлігінің Атом және энергетикалық қадағалау мен бақылау комитеті төрағасы Сұңғат Есімханов еліміздегі жылыту жүйесі мен электр станцияларының отын қоймаларында 3,4 млн тонна көмір мен 112 мың тонна мазут жиналғандығын атап өтті. Бұл туралы "Қамшы" порталы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
- Қазіргі кезде еліміздегі жылыту жүйесі мен электр станцияларының отын қоймаларында 3,4 млн тонна көмір мен 112 мың тонна мазут жиналды. Бұл жалпы көлемнің басым бөлігін құрайды. Жүз пайыздық деңгейде болмаса да, сол көрсеткішке жетеқабыл. Ал енді ЖЭО-да отын дайындау жартымсыз қарқынмен жүргізіліп жатқан мекемелерге келер болсақ, оның бірі – Кентау қаласы болып отыр. Мысалы, қалыпты жағдай 16 мың тонна болса, жеткіліксіз отынның көлемі 4 мың тоннаны құрауда. Сол секілді Семей мен Арқалық қалаларындағы жағдай да осы шамалас, - деді Сұңғат Қуатұлы.
Айта кетейік, ағымдағы жылда кестеге сәйкес 9 блог пен 59 қазандыққа және 47 турбинаға күрделі жөндеу жоспарланған болса, қазіргі кезде электр станцияларының 5 блогы (жылдық көлемнің 55 пайызы) мен 38 қазандыққа (жылдық көлемнің 64 пайызы) және 26 турбинаға (жылдық көлемнің 55 пайызы) жөндеу жұмыстары жүргізілген.
- Сондай-ақ, тап осы күндері 3 блог пен 18 қазандық және 16 турбинада жөндеу жүргізілу үстінде. Тұтастай алғанда барлық жұмыстар жоспарға сәйкес жүзеге асырылуда деп айтуға болады, - деді комитет төрағасы.
Пікір қалдыру