Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңындағы баспасөз мәслихатында Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау мен Индустрия және туризм департаментінің директоры Тимур Дүйсенғалиев форс-мажорлық жағдайда туристерге өтемақы төлеу мәселесі екі түрлі тетікпен шешу жайы қарастырылып жатқандығын мәлімдеді. Бұл туралы "Қамшы" порталы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
- Оның алғашқысы – туристік саяхатты ұйымдастыратын операторлық компанияның чартерлік рейсті ұстауы үшін кепілзат ретінде банкке алдын ала белгілі бір мөлшерде қаражаттың тұрақты түрде узіліссіз жатуын қамтамасыз ету болып табылады. Мәселен, туроператордың банктік есеп-шотында үш-төрт борттық рейстің төлеміне жеткілікті қаржы болуы керек деген секілді талап қойылады. Себебі, саяхат барысында қандайда бір келеңсіз жағдай орын алар болса, шет елде қалып қойған туристер жоғарыда атап өтілген кепіл қаржымен елге жеткізілуі тиіс, - деп түсіндірді директор.
Сонымен қатар, бұл ойды Инвестициялар және даму вице-министрі Альберт Рау да құптайтындығын білдірді.
- Сол сияқты біз әрбір туристен 0,5 АЕК көлемінде алым алу есебінен кепілдендіру қорын құруды көздеп отырмыз. Мұндай қажеттілік туристер құқының қорғалуын қамтамасыз ету мақсатынан туындап отыр. Өздеріңіз білесіздер, елімізде туристерге қатысты проблемалар жиі туындап жатады. Тіпті, қонақ үй мәселесіне қатысты проблема шыққан жағдайда кепілдендіру қоры арқылы мәселе түйінін оңай тарқататын боламыз, - деді Альберт Павлович.
Пікір қалдыру