Баршамызға мәлім, өткен жылдың 11 қарашасы күні Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев өзінің Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын ұсынды. Жалпы, Мемлекет басшысының Жолдауы әрбір жылы ерекше өзіндік сипаттарымен есте қалады.
Сол секілді аталмыш құжаттың да ерекшеліктері мол. Кез келген істі, шаруаны жоспарсыз, жүйесіз жүзеге асыруға болмайтындығы секілді биылғы Жолдау да ел келешегін айқындаушы, ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050: Қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» стратегиясының құрамдас бөлігі, оның қалай жүзеге асырылып жатқандығын айқындаушы, таяудағы міндеттерді нұсқайтын нұрлы жолы. Жолдаудың аты да осы идеямен үндес – «Нұрлы жол – болашаққа бастар жол». Мемлекет басшысы өз Жолдауының басында бүгінгі күнгі халықаралық ахуал мен әлемдік саяси аренада болып жатқан жайттарға шолу жасай келіп, әлемдік экономиканың әлі де жаһандық қаржы-экономикалық дағдарыс салдарынан айыға алмай отырғанын, ал кейбір жерлерде әлі құлдырау жалғасуда екенін, геосаяси дағдарыс пен жетекші державалардың санкциялық саясаты әлемдік экономиканы қалпына келтіруде қосымша кедергілер туындатып жатқандығына баса назар аударды.
Елбасымыз таяудағы жылдар жаһандық сынақтардың уақыты болады, әлемнің бүкіл архитектурасы өзгереді және барлық елдер осы күрделі кезеңнен лайықты өте алмайтынын, бұл шептен тек мықты мемлекеттер, жұдырықтай жұмылған халықтар ғана өтетін болатынын басып айтты. Президент өз сөзінде Қазақстанның кезінде сыртқы нарықтағы жағдайы оңтайлы болып, мұнай мен біздің экспорттық өнімдерімізге баға айтарлықтай жоғары деңгейде болған жылдары шикізат экспортынан түскен табыстарды Ұлттық қорға бағыттаудың дұрыс шара екенін еске салды. Шындығында да, біздің халық «Бес күндігін ойламаған ерден без» дейді. Сол кезде ертеңгі күнді ойлап, қор жинап, ал бүгін осы қорды халық пен ел игілігіне жаратудың уақыты жеткендігіне және осы қорды дұрыс бөлудің маңызына тоқталды.
Н.Назарбаев басталған жобаларды аяқтау және аса өткір мәселелерді шешу үшін Үкіметке Ұлттық қордан 500 миллиард теңге көлеміндегі екінші транш қаржысын бағыттауға тапсырма берді, ал ол қаржының қандай мақсатқа жұмсалатындығы Жолдауда айқын айтылған.
Бұл құжатта басты назар еліміздегі жол құрылысына аударылған.
Нұрсұлтан Әбішұлы халық арасындағы «Елдің өркенін білгің келсе, жолына қара» деген қағиданы мысалға келтіре отырып, жолдардың шын мәнінде, өмірдің өзегі, бай-қуатты тірліктің қайнар көзі екендігіне ерекше тоқталып, «Барлық аймақтар темір жолмен, тас жолмен, әуе жолымен өзара тығыз байланысуы керек. Астанада тоғысқан тоғыз жолдың торабы елорданың жасампаздық рухын тарататын өмір-тамырға айналуы тиіс...» дей келе, аймақтардың өзара байланысын жақсарту елдің ішкі әлеуетін арттыратындығын атап өтті. Шағын және орта бизнес пен іскерлік белсенділікті қолдау бойынша жұмысты жалғастыруды, сондай-ақ ірі кәсіпкерлікті жеңілдікпен несиелеуге қосымша 100 миллиард теңге бөлу жоспарланып, тамақ және химия өнеркәсібіндегі, машина жасаудағы, сондай-ақ, қызмет көрсетулер саласындағы жобаларды жүзеге асыруды қамтамасыз ету көзделіп отырғанын тілге тиек етіп кетті.
Сондай-ақ индустриялық инфрақұрылымдарды дамыту мақсатында құрылыс материалдарына, көліктік-коммуникациялық, энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық салалар үшін өнімдер мен қызмет көрсетулерге үлкен сұраныс тудырады, осы орайда шағын және орта кәсіпкерлікті қолдап, көмек көрсету мақсатында Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетіне қарасты «Ұлттық сараптама орталығының» зертханалық сараптама мамандары жоғарыда айтылған сөздерді қуаттап, халықтың санитарлық-эпидемиологиялық хал-ахуалын жақсарту мақсатында түрлі күрделі зертханалық сараптамалар жүргізуге әрқашанда дайын екенін айта аламыз.
Мемлекет басшысының сөзімен айтқанда: «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясат – әлемнің ең дамыған 30 елінің қатарына кіру жолындағы біздің ауқымды қадамымыз» болмақ. Президентіміз өзінің осы бір маңызды құжатында барша қазақстандықтардың алдында үлкен де жауапты жұмыстар тұрғандығын айта келіп, жаhандық сыннан өту үшін біздің топтаса білуіміз қажеттігіне баса назар аударады. Жолдауда тұрақтылық пен келісім, бейбітшілік идеяларына, жастардың біздің болашағымыздың тірегі екендігіне ерекше көңіл бөлініп, «Нұрлы жолдың» осы бағыттағы маңызы да айқындала түседі.
Жолдауда Президент: «Жалпыұлттық идеямыз – Мәңгілік елді басты бағдар етіп, тәуелсіздігіміздің даму даңғылын «Нұрлы жолға» айналдырдық. Мәңгілік ел – елдің біріктіруші күші, ешқашан таусылмас қуат көзі. Ол «Қазақстан – 2050» стратегиясының ғана емес, ХХI ғасырдағы Қазақстан мемлекетінің мызғымас идеялық тұғыры!
Жаңа қазақстандық патриотизм дегеніміздің өзі – Мәңгілік ел! Ол – барша Қазақстан қоғамының осындай ұлы құндылығы. Отанды сүю – бабалардан мирас болған ұлы мұраны қадірлеу, оны көздің қарашығындай сақтау, өз үлесіңді қосып, дамыту және кейінгі ұрпаққа аманат етіп табыстау.
«Барлық қазақстандықтардың жұмысының түпкі мәні – осы!» дейді.
Біз де өз тарапымыздан осы айтылған сөздерді қолдап, қуаттап, ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болып, баршаңызға «Нұрлы жолды» жүзеге асырудағы істеріңізге табыс тілегіміз келеді.
Шалғынбай Жандосов,
Ұлттық экономика министрлігі Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитеті «Ұлттық сараптама орталығы» республикалық мемлекеттік кәсіпорнының Ақтөбе облысы бойынша филиалының директоры, медицина ғылымдарының кандидаты
Пікір қалдыру