Зейнетақы жинағын пайдалана отырып, үй сатып алу бойынша ең қымбат келісімшарт – 162,4 миллион теңге болған. Бұл туралы "Отбасы банк" АҚ басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова орталық коммуникациялар қызметінде мәлімдеді.
– Зейнетақы жинағын пайдалану арқылы ең ірі сома – 162,4 миллион теңге премиум санаттағы тұрғын үй болды. Ал ең төмен мәміле шамамен миллион теңгеге жуық. Мүмкін бұл ауылдық жерде немесе аудан орталығында тіркелген шығар, – деді басқарма төрағасы.
Айтуынша, 2021 жылы сатып алу және сату операцияларының саны былтырғымен салыстырғанда әлдеқайда көп болған.
– Бүгін 179 192 транзакция ипотекасыз жүзеге асырылды. Яғни бұл баспананы толығымен сатып алғандар, – деді Ләззат Ибрагимова.
Еске сала кетейік, президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкіметке зейнетақы қорындағы қаражатты пайдалануға қатысты шекті межені көтеру мерзімін 2022 жылдың 1 сәуіріне дейін ұзартуды тапсырған болатын.
Пікір қалдыру