ШҚО-да экс-шенеунік сотталды. Ол Даниал Ахметов орынбасарының бауыры болып шықты

/image/2021/12/30/crop-11_20_834x1483_mycollages.jpg

Шығыс Қазақстан облысы Риддер қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бұрынғы басшысы Қуат Мұхамедчинов 4 жылға бас бостандығынан айырылды. Онымен істес болған екі азаматқа да үкім шықты, деп хабарлады 24.kz телеарнасы.

Белгілі болғандай, Қуат Мұхамедчинов Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары Азамат Мұхамедчиновтың туған бауыры.

Экс-шенеунікке "электр желісі құрылыс нысанын салу кезінде" мемлекетке 146 миллион теңгеге жуық шығын келтірді деген айып тағылған.

 

Телеарна мәліметінше, экс-шенеунік мердігер кәсіпорынның істемеген жұмыс актісіне қол қойып, қабылдаған. Салдарынан қыруар қаржы мердігерге өтіп кеткен. Актіде көрсетілген құрылыс материалдары шын мәнінде жоқ болып шыққан.

 

Қуат Мұхамедчиновмен бірге оның екі сыбайласы "Еңбек-Өскемен" республикалық мемлекеттік кәсіпорынының жетекшісі Асхат Құдайбергенов пен "Элизор-М" ЖШС-нің директоры Алексей Бехтольд та қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Алдыңғысы  қылмыстық топ жұмысына болысты деп айыпталып, 4 жылға бас бостандығынан айырылса, соңғысы осындай айыппен 3 жылға сотталған.

Айыпталушылар бұған дейін Риддерде өткен алғашқы сотта ақталып шыққан. Алайда прокуратура шағымы бойынша іс облыстық сотта қайта қаралып, күдіктілер кінәлі деп танылған.

– Олар ендігі орта қауіпсіздіктегі түзету мекемелерінде жазасын өтеп жатыр. Электр желісі салынбады, ал қаржы талан таражға түсіп кеткен. Алғашқы сотта дәлелдер тиісті деңгейде ескерілмеді. Дегенмен облыстық сот оның барлығын түзеп, барлық дәлел-дәйекті айқындады. Сотталушылар енді жоғарғы сотқа шағымдана алады, – деді облыстық сот судьясы.

Даулы электр желісінің құрылысы 2017 жылы басталған. Жоба бойынша электр желісі Риддерден Батыс Алтай қорығына дейін тартылуы керек болған. Алайда жоба аяқсыз қалып отыр.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар