Батыс Қазақстан мен Ақтөбенің шектесетін жерінде Исатай батыр ескерткіші ашылды

/uploads/thumbnail/20170708195535325_small.jpg

Орал-Ақтөбе күре жолының бойында, қос облыстың шектесетін жерінде 1836-1838 жылдардағы ұлт-азаттық көтерілісінің басшысы Исатай Тайманұлының (1791-1838) ескерткіші ашылды. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай лотырып хабарлайды.

Оның ашылу рәсіміне ақтөбеліктермен бірге Батыс Қазақстан облысының делегациясы да қатысты. Ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығы және «Құрмет» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ақұштап Бақтыгерееваның атап өткеніндей, Ұлы Дала төрінде атойлап өткен, ел намысын қорғауда жанын да, қанын да аямаған батырлар аз емес. Соның бірі - Исатай. Қиыл қырғынында қаза тапқан есіл ердің жерленген орны жөнінде екіұдай пікірлер айтылып келді. Жергілікті тұрғындардың көрсетуіне сүйенген ғалымдардың бір тобы батыр ұлы Оспанмен бірге Қобда ауданы аумағындағы Шейітсайдан мәңгілік мекенін тапқан десе, екіншілері Шолақмолдада екендігіне дәлелдер келтіреді. Қалай болғанда да, Исатай батырдың осы маңда жатқаны анық. Сондықтан Шейітсайда батыр кесенесінің көтерілуін заңдылық деп қабылдау керек. Енді, міне, әуелден елі аралас, малы қоралас қос облыстың шекарасында батыр ескерткіші ашылып отыр. Қазақ халқының қасиетсіз жері жоқ, соның бір көрінісі осы.

«Астана төрінде өткен Қазақ хандығының 550 жылдығында Елбасымыз «Басқаның патшасының бәрі жақсы, Неліктен біздің хандар жаман болған?» деген ақын Ғафу Қайырбековтің сөзін келтірді. Бұл шын мәнінде еліміз егемендік алғанға дейін кәріміз де, жасымыз да ұзақ уақыт бойы қойып жүрген сұрағымыз еді. Біздің ханымыз да, батыр-билеріміз де кейінгі ұрпақтарынан әділ бағасын ала алмай келді. Бұған жеке адамдар емес, тұтастай идеология ықпал етіп, сол арыстардың есімін жадымыздан өшіруге тырысты. Біз осыны бастан кешірдік. Исатай мен Махамбет кеңес дәуірінде белгілі бір бағасын алғанымен, ол да сол идеология шеңберінде қалған еді.  Елі үшін ерен еңбек етіп, азаттық үшін жанын қиғандарды тәуелсіздігіміздің арқасында ғана біле бастадық. «Билемесе бір кемел, не болады өңшең нөл» деп Абайдың айтқанындай, ел ішінде кемелі де, бастамашылары да болады. Басшыны қолдау халықтың қолында. «Халық қаласа, хан түйесін сояды» деген, халық қалаған істі бастамашылардың қолдауымен осылай сәтімен бітіре берейік», деді белгілі ақтөбелік ғалым, философия ғылымдарының докторы, профессор Алтай Тайжанов.

Салтанатта сондай-ақ Қобда ауданының әкімі Асқар Жүсіпәлиев, Исатайдың ұлы Жақияның шөбересі Ғазез Шамақов, «Исатай» қоғамдық қорының төрағасы Еркін Құрманбек, батысқазақстандық өлкетанушы Жайсаң Ақбай өз қуаныштарымен бөлісті.

Батыр ескерткішін тұрғызған ақтөбелік мүсінші Аяпберген Карпековтің айтуынша, бұл іс «Қазавтожол» Ақтөбе облыстық басқармасының Бағлан Баймағамбетов, Әкімжан Өтемұратов сынды басшыларының қолдауымен жүзеге асты. Екі жарым айда біткен композицияның биіктігі 4 метр, онда батыр бейнесіне қоса қалқан-қылыш, сол қилы кезеңді көрсететін белгілер көрініс тапқан. Бұдан бұрын аталған азаматтардың көмегімен Орал-Ақтөбе жолы бойында Исатай батырдың бейітіне жолаушыларды бағыттайтын жол көрсеткіші де қойылған болатын.

Ескерткіштің ашылу рәсіміне қатысқан, құрамында профессор, ғалымдар, студенттер, ақын-жазушылар бар М.Өтемісов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік университетінің «Бабалар тарихына тағзым» атты экспедициясы оған қоса Исатай Тайманұлының кесенесіне арнайы барып, тағзым етіп қайтты. Университеттің ғылыми жұмыстар және халықаралық байланыстар жөніндегі проректоры, педагогика ғылымдарының докторы Ғизатолла Имашевтің сөзіне қарағанда, оқу орнында 2013 жылы құрылған «Махамбет» ғылыми-зерттеу орталығы (директоры - педагогика ғылымдарының докторы, профессор Абат Қыдыршаев) содан бері Исатай мен Махамбеттің есімін ардақтап, ерлігін насихаттау бағытында бабалар жүрген жерлермен осындай жорықтар ұйымдастырып, жаңа деректер жинақтаумен айналысып келеді. Мұндай игілікті іс алдағы уақытта да жалғасын таба бермек.

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар