Алматыдағы №7 қалалық клиникалық аурухананы 3 күнге жуық уақыт экстремистерден қоршауға алған. Бұл туралы аурухананың бас дәрігері Манас Рамазанов айтып берді.
– Біз 5-8 қаңтар аралығында, 3 тәулікке жуық уақыт қоршауда болдық. Аурухана маңайына экстремистік топ қоршау құрып алды. Олар бізден 50-100 метір қашықта болды. Аурухана үш көше арасында тұр: Райымбек, Әшімов, Алтын Алаш. Осы көшелерде қарулы адамдар тобы болды. Олар қоршау тұрығызып аурухана жұмысына кедергі болды. Кіріп-шығуға мүмкіндік бермеді. Жедел жәрдем көліктерін кіргізбеді, – деді бас дәрігер.
Содырлар от жағып, ауруханаға оқ атқан. Бірнеше рет шабуыл жасап, есік, терезелерді шаққан. Дәрігерлерді қорқытып, дәрі, спирт сұраған және қару кезенген. Куәгерлердің айтуынша, олардың арасында маска таққаны, сақалды-сақалсыз, әскери киінгендері болған.
– Біз терезеден қарап отырдық. Олар аурухананы кепілге ұстап отырды. Психологиялық тұрғыдан жұмыс істеу өте қиын болды, – деді ол.
Ауруханаға жеткізілгендердің екеуі қайтыс болған.
– Медициналық қызметкерлер арасында дүрбелең болған жоқ, бірақ қорқыныш болды. Ауруханада көбіне ер адамдар, хирургтар, травматологтар, нейрохирургтар, жеке қауіпсіздік қызметкерлері болды. Әйелдер қауымын қысқартуға тырыстық. Ауруханада болғандарды жоғарғы қабаттарға жасырдық, – дейді Рамазанов.
Дәрігерлерге шабуыл жасалмаған, бірақ қорқытып, қарумен қоқан-лоқы көрсетілген. Бүгінде №7 қалалық клиникалық аурухана радикалдардан азат етілді, мекеме штаттық режимде жұмыс істеп жатыр.
– Ол жердегі жағдай қазір тұрақты, бәрі жақсы. Олар (террористер - еск.) жараланғандарды емдеу үшін сол жерде тосқауыл жасамақ болған. Арнайы операция жүргізіліп, дереу шара қолданылды, – дейді Алматы ПД баспасөз қызметі басшысы Салтанат Әзірбек.
Пікір қалдыру