Бүгін Қызылордада Қала күнін мерекелеу «Шұбат-қымыз» фестивалімен басталды. Ұлттық сусынды ұлықтаған шараға қала мен аудандардың барлығынан дерлік шаруалар келіп қатысты. Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқы сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Фестивальда аймақ басшысы Қырымбек Көшербаев қызылордалықтарды мерекелерімен құттықтады.
Бүгінде Сыр өңірінде қымыз-шұбатқа сұраныс артып келеді. «Сондықтан қымызхана желілерін кеңейтіп, қымыз өндіру технологиясын дамыту керек» - дейді мамандар. Бүгінде жылқының сүті - ұлтымыз үшін қаржы табудың көзі ғана емес, емдік қасиеті мол өнім саналады. Яғни, ұлттық брендке айналып отыр.
Фестивальға 2 мың литр шұбат, 1500 литр қымыз және сүт өнімдерінен жасалған құрт, ірімшік әкелінген. Сондай-ақ, қазақы нақышта дайындалған қолөнер бұйымдары да көрме төрінен орын алды. Аймақ басшысы көрмені аралап шығып, ұлттық сусыннан дәм татты. Мерекелік шарада қала жастары «Қара жорға» биін билесе, ата-әжелер ұлттық дәстүрлерді көрсетті.
- Төрт түліктің төресі түйе мен Қамбар атаның сусындары түрлі дертке дауа екендігін ата-бабамыз әлдеқашан дәлелдеген. Сол сара жолды жалғап, бүгін қала күні мерекесін ақтан дәм татып бастап отырмыз. Мерейлі мереке құтты болсын, - деді облыс әкімі Қ.Көшербаев.
Фестиваль ұлттық ойындармен жалғасты. Балуандар белдесі, асық ату, гір көтеру, қол күресте мықтылар анықталды.
Жалпы, қала күні мерекесі биыл кең көлемде аталап өтіледі. Қауын-қарбыз, кондитерлік өнімдер және балалар шығармашылығы фестивалі, жас ақындар мүшәйрасы, ауыл шаруашылық жәрмеңкесі, спорттық сайыстар ұйымдастырылып, әлеуметтік нысандар пайдалануға беріледі. Қала күні эстрада жұлдыздарының қатысуымен өтетін гала-концертпен қорытындыланады.
Пікір қалдыру