«Көлік алу жөнінен 50 елдің қатарындамыз» - баспасөзге шолу
Бұл туралы "Қамшы" порталы ҚазАқпаратқы сілтеме жасай отырып хабарлайды.
***
«Егемен Қазақстан» басылымы бүгінгі санында ҚР Парламенті Сенатының кезекті жалпы отырысында талқыланған мәселелер жөнінде кең көлемді мақала жариялады. Отырыс барысында палата он үш заң жобасын қарады. Қазақстанның Дүниежүзілік сауда ұйымын кұру туралы Марракеш келісіміне қосылуы туралы хаттама ратификацияланды, сондай-ақ, еліміздің осы ұйымға кіруіне байланысты заңнамаға түзетулер қабылданды.
«Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен кеше палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Ондағы өзінің кіріспе сөзінде Төраға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас Ассамблеясының тарихи мерейтойлық сессиясында әлемдік дағдарысты еңсеру және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтергендігіне ерекше тоқталды», - делінеді «Қасым-Жомарт Тоқаев: «Елбасы сөзі еліміздің ұстанымдарын нығайтады» деген тақырырппен жарияланып отырған материалда.
«Елбасы БҰҰ Бас Ассамблеясының тарихи мерейтойлық сессиясында сөйлеген сөзінде әлемдік дағдарысты еңсеру және халықаралық қауіпсіздікті нығайтуда орасан зор мәні бар нақты бастамалар көтерді. Президент ХХІ ғасырда ядросыз әлем қалыптастыру және «Жаңа Болашақ» тұжырымдамасын әзірлеу туралы, сондай-ақ, халықаралық терроризмге қарсы күрестің дүниежүзілік желісін құру қажеттігі туралы мәлімдеді», - деді Қ.Тоқаев.
«Заманымыздың аса тәжірибелі саясаткері, Азиядағы қауіпсіздіктің іргетасын қалаушы, Еуразиядағы ықпалдастықтың негізін салған Президентіміздің бастамалары халықаралық саяси және дипломатиялық қоғамдастықтың аса жоғары қызығушылығын тудыратыны даусыз. Бүгінде бұл бастамаларға әлемнің жетекші мемлекеттері назар аударуда», - деп атап өтті Төраға. Қ.Тоқаевтың пікірінше, Президенттің әлемнің басты мінберінен сөйлеген сөзі Қазақстан үшін аса зор стратегиялық маңызға ие. Бұл бастамалар қазіргі құбылмалы әлемде еліміздің ұстанымдарын нығайта түседі.
Сонымен қатар, еліміздің бас газеті «Егемен Қазақстан» Бурабай баурайында өткен бүркітшілердің II халықаралық фестивалі туралы мақала жариялады.
«Екі күн қатарынан ұйымдастырылған дүбірлі додада 10 мемлекеттен келген бүркітшілер бақтарын сынады. Атап айтар болсақ, Өзбекстан, Қытай, Моңғолия, Ресей, Қырғыз Республикасы секілді алыс-жақын шетелдерден келген майталмандар қырандарын ұшырып, тау бөктерін қиқулатты. Жарыс бірнеше кезеңнен тұрды. Біріншісінде бүркітін қоян мен түлкіге салып, алымдылығын көрсетсе, келесі кезеңдерде қолға қондырған қыранын көк төріне өрлету секілді сатылардан өтті», - деп жазады басылым «Бурабайдағы бүркітшілер» атты мақалада.
«Бүгінгі өтіп жатқан II халықаралық бүркітшілер фестивалінің маңызы зор. Бұл, әрине, біздің ата-бабаларымыздан келе жатқан төл өнеріміз, ұлттық құндылықтарымыздың бірі. Сондықтан, саятшылық дәстүрдің кеңінен қанат жаюы еліміздің ерендігін танытады. Бурабай баурайына бауырлас мемлекеттердің өкілдері көптеп жиналуының өзі ұлттық болмысымыздың тереңде жатқандығын білдіреді», - дейді Ұлттық спорт түрлерінен Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы Рамазан Сәттібай.
Тартысты өткен жарыс қорытындысы бойынша, Астана қаласының тұрғыны Серікбек Күнтуған бірінші орын алса, Жамбыл облысының өкілі Жалғас Әкімбеков екінші орынды иеленді. Ал, үшінші орын Ақмола облысының бүркітшісі Олжас Бекхожинге бұйырды. Өзге қонақтар да сый-сауғадан шет қалмады. «Нұр Отан» партиясының қолдауымен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы ұйымдастырған шараға «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры демеушілік көрсетті.
***
Қазақстанда тіркелетін дәрі-дәрмектердің жалған еместігін тексеру үшін ел Үкіметі әлемдегі бес белді кітапханамен байланыс жасап отыратын болды, деп xабарлайды «Айқын» басылымы.
Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен өткен Сенаттың кешегі жалпы отырысында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенова осындай қызықты жаңалықты жария еткен.
«Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Т.Дүйсенованың түсіндіруінше, осы келісімге сәйкес, енді «құрамы әртүрлі дәрілік заттарды бір сауда атауымен тіркеуге тыйым салынады». Еуразиялық одаққа мүше-мемлекеттердің бірінде тіркелген дәрілік заттарды басқа мүше-мемлекетте қайта тіркеудің қажеті болмайды. Сондай-ақ бір мүше-мемлекетте жүргізілген клиникаға дейінгі сынақтар басқа мүше-мемлекеттерде мойындалады. Яғни мысалы, белорустарды емдеуге жараған дәрі қазаққа да жарамды деп танылады», - деп жазылған «Жалған дәрілер енді кітапханада анықталады» атты мақалада.
Осылайша, одақ аясында дәрілік заттардың ортақ нарығы құрылуда. «Бұл ретте дәрілік заттар ортақ нарыққа олар бірыңғай тәртіпке сәйкес тіркеуден өткенде және дәрілік заттардың бірыңғай тізіліміне енгізілген жағдайда ғана өткізіледі», - деді министр.
«Айқын» басылымы назарларыңызға Қазақстандағы көлік нарығындағы негізгі көрсеткіштер мен деректер бойынша «Көлік алу жөнінен 50 елдің қатарындамыз» атты мақала ұсынып отыр.
«Қазақстанда әрбір мың адамға 252 автокөліктен келеді. Осындай қызықты мәліметті кеше Машина жасаушылардың ІІІ форумында «Pricewaterhouse Coopers» компаниясының қазақстандық автокөлік және логистикалық салалардағы консультациялық қызметтер бағытының директоры Шалқар Нұртілеуов жария етті. Оның дерегінше, бүгінде еліміздегі жеңіл көліктердің саны 4,4 миллионға жетті. Бұл ретте шетелдік сарапшылардың өзін таңғалдырған жағдай орын алуда: «Автомобильдер санының өсу қарқыны халықтың өсу қарқынын басып озды», - делінген мақалада.
Осылайша, газеттің жазуынша, жалғыз «темір тұлпармен» шектелмей, бір басына бірнеше түрлі машина сатып ала бастаған қазақстандықтар саны көбеюде. Биылғы бес айдың өзінде Қазақстанда 67 мың жаңа көлік тіркеуге қойылыпты. Жаңа көлік сатып алу көрсеткіші бойынша еліміз әлемдегі 50 елдің қатарына кіреді.
***
«Түркістан» республикалық басылымы бүгінгі санында қараусыз қалған қарттар мәселесін көтеріп отыр.
«Қазақстан Республикасының Статистика агенттігінің мәліметі бойынша еліміздегі қарттар үйі 67-ге жетіп, онда 12 мың адам тұрып жатыр. Олардың басым бөлігі Шығыс Қазақстан облысында (11 қарттар үйі, 2380 орын) орналасқан. Одан кейінгі орында 1103 орындық 10 қарттар үйі бар Ақмола облысы тұрса, 9 қарттар үйіндегі 1129 егде адамға қамқорлық көрсетіп отырған Қостанай облысы үшінші орында екен. Бірақ өткен жылы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл цифрларды жоққа шығарған болатын. Ведомство жүргізген зерттеу бойынша қарттар үйінің саны 87-ге, ондағы қариялардың саны 35 мыңға жеткен. Олардың 45,5 пайызын әйелдер қауымы құрайтыны белгілі болды. Бірақ министрлік қамқорлықсыз қалған қариялардың қанша пайызы қай ұлттың өкілі екенін жариялаған жоқ», - дейді газет «Қарттар үйі қара шаңырақ па?» деген тақырыппен жарияланған материалда.
«Өзіңнен туған ұл мен қыз сыйламаса, сол қайғы» деп Төле би бабамыз бүгінгі тірлігіміздің тұрпатын өз заманында-ақ болжап қойғандай. Ата-анасын шімірікпестен қарттар үйіне апарып тапсыратын ұл-қыздың көбеюінің басты себебі ұлттық тәрбиенің ақсауында болса керек. Қазақ қазақ болғалы ата-анасын сыйлау, қарияларды құрметтеуге ерекше мән берген. «Атаңа не қылсаң, алдыңа сол келеді» деген аталы сөзді ұл-қыздарының құлақтарына жастайынан құйып отырған. Мұндай тәлім-тәрбиемен өскен ұл-қыз өсе келе саналы ұрпақ болып қалыптасары сөзсіз. Ал бүгін «Әркімнің ата-анасы - әулиесі» деген халық нақылының мағынасын жете түсінбейтін буын өсіп келеді», деп қынжылыс білдіреді мақала авторы.
***
Ресми тілде жарыққа шығатын «Экспресс К» газеті басылымының xабарлауынша, Алматы облысында мемлекеттік құрылымдардың жемқорлық рейтінгісі жарияланды.
«Көштің басында құқық қорғау органдары тұр. Олардың еншісінде жыл басынан бері 47 қылмыс бар. Екінші орында ауыл шаруашылық саласының шенеуніктері тұрса, үшінші сатыға - мемлекеттік сатып алу мен жер қатынастары жайғасқан. Жалпы өңірде 153 жемқорлық қылмысы тіркелген», - деп жазады басылым.
Әсіресе, ауыл шаруашылығындағы жағдай алаңдатады. Себебі биыл жиын-терімге биыл 20 млрд. теңге бөлінген. Оның қаншасы ауыл шаруасының қолына жеткенін тексеріс нәтижелері бойынша анықталады.
"Қамшгы" сілтейді
Пікір қалдыру