Талдықорғанда коменданттық сағат уақытында бір отбасының үш адамы мерт болған. Бұл туралы Экспресс К басылымы хабарлады.
Марқұмдардың туыстарының айтуынша, олар қонақтан үйіне қайтып келе жатқанда көліктеріне әскерилер оқ атқан. Қайғылы жағдай 8 қаңтар күні кешкі сағат 21:00-ден өте, Ақбастау және Жабаев көшелерінің қиылысында болған. Олардың денесін туыстары 11 қаңтарда жер қойнына тапсырған.
– Олар досының үйінен қонақтан келе жатқан. Коменданттық сағат 21:00-ден кешікпейік деп үйіне қарай шыққан. Ол марқұмдардың үйінен алыс емес. Ары кетсе 2-3 минутта жететін жер. Соған жете алмай қалып отыр емес пе?! Әскерилер атып тастап отыр. Кеше жерледік. Қазір тоқтамаған соң атты деген әңгіме шығып отыр. Қарап тұрсаңыз тоқтатса кез келген адам тоқтайды ғой. Тоқтамаған күннің өзінде бас салып оқ жаудыру дұрыс емес қой. Үшеуі де тура сол жерде өліп кетті, – дейді марқұмдардың туысы Рүстем Ахметжанов.
Қайғылы жағдайдан бері 4 күн өтсе де марқұмдардың туыстарына құзырлы орган тарапынан ешкім келмеген.. Рүстем Ахметжанов үш бірдей туысы үшін соңына дейін барамын деп отыр.
– Құзырлы органдарға арызданамыз. Өйткені ай-күннің аманында бір үйден үш мәйіт шығарып отырмыз. Әкімдіктен, Полиция департаментінен ешкім келмеді. 4 күн болды, міне, ешкімді көрген жоқпын. Біз бұл жағдайды жылы жауып қоймаймыз, – дейді Рүстем Ахметжанов.
Пікір қалдыру