Қазақстандықтар үшін бейбітшілік пен қоғамдық келісім ең биік құндылық болып табылады. Бұл туралы Бейжіңде өткен «Қазақстан халқы Ассамблеясы жылы: Қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» атты дөңгелек үстел барысында ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Надежда Нестерова мәлімдеді. Бұл туралы "Қамшы" порталы Информ.кзке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
«Парламентте саяси фракциялар Қазақстан халқы Ассамблеясына бірлескен қызмет, жұмыс туралы меморандумға қол қою бастамасын ұсынды. Себебі бейбітшілік пен қоғамдық келісім мәселесі - бұл ең басты құндылық. Қай саяси мақсатты алсаң да бәрі осы бір арнаға кеп тоғысады. Қазақстан халқы Ассамблеясы отбасы тәрбиесі, аналарға кеңес, адамгершілік пен құндылықтарды дәріптеу бағытында жұмыс істеп, бірлікке, ынтымаққа баса назар аударады», - деді ол.
Қазақстан парламентарийі делегация ҚХР-дағы ҚР Елшілігіне ҚХА-ның 20 жылдағы қызметі туралы деректі фильм, ассамблея ғылыми-сараптау кеңесі шығарған әдістемелік кітабын ала келгенін атап өтті.
Шараны ҚХР-дағы ҚР Елшілігі ұйымдастырды. Оған Шанхай Ынтымақтастық Ұйымының (ШЫҰ) бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, Қытайдағы елшілер - Андрей Денисов (Ресей), Канайым Бактығұлова (Қырғызстан), Чинар Рустамова (Түркменстан), Латиф Гандилов (Әзербайжан), тәжік, беларусь, украин дипломаттары, Қытайдың шет елдермен халықтық достық қоғамы өкілдері, ҚХР мемлекеттік ұлттар ісі комитеті қызметкерлері, қытайлық ғалымдар тобы өкілдері, БАҚ және Бейжің ЖОО-ларында оқитын қазақстандық жастар қатысты.
Еске сала кетейік, Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігінің Қазақстан халқы Ассамблеясы Хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжановтың басшылығымен барған қазақстандық делегация құрамына Парламент Мәжілісінің депутаттары Зухра Саяпова, Надежда Настерова, «Дұңған этномәдени орталықтар қауымдастығы» АА басқармасының мүшесі Шәкір Хахазов, «Қазақстан республикалық ұйғыр мәдени орталығы» АА төрағасы Шаймардан Нұрұмов, ҚХА Алматы облысы бойынша хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, ҚР ПӘ ҚХА хатшылығының инспекторы Еділ Оспан, ҚР СІМ сыртқы саяси талдау және болжау департаментінің кеңесшісі Аида Ермекқалиева кірді.
Пікір қалдыру