Ассамблея төрағасының орынбасары арандатушылықпен айналысып отыр

/image/2022/01/19/crop-8_26_462x822_maxresdefault.jpg

Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Марат Әзілхановтың елдегі тәртіпсіздікке этнос өкілдері қатыспағанын айтқан мәлімдемесі әлеуметтік желіде қызу талқыланып, дау тудырып жатыр. Ол бұлай деп ассамблеяның республикалық дөңгелек үстелінің отырысында мәлімдеген.

Тезис:

"Бейбіт наразылық форматында көрсетілген азаматтардың заңды талаптарына қатысты президенттің ұстанымын қолдай отырып, Ассамблея мүшелері, этномәдени бірлестіктер, Қазақстанның түрлі этностары антимемлекеттік және Конституцияға қарсы зорлық-зомбылық Террористік акцияларына қатысуға шақыруды үзілді-кесілді қолдамады. Қазақстан этностарының өкілдері заңсыз әрекеттер мен тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқ".

Марат Әзілханов сөзбе-сөз айтқанда осылай деді.

Әзілханов алдымен осы сөздері арқылы президентпен бірге екенін, биліктің елдегі халық наразылығы мен одан кейінгі әлдекімдердің ұйымдастыруымен болған жаппай тәртіпсіздікке берген бағасын толықтай қолайтынын білдіріп тұр.

Ал енді "Қазақстан этностарының өкілдері заңсыз әрекеттер мен тәртіпсіздіктерге қатысқан жоқ" деген сөзі арқылы не айқысы келгені түсініксіз.

 

Иә, елдің көптеген қалаларындағы бейбіт өткен халық наразылығы кезінде алаңға тек қазақ ұлтының өкілдері шыққаны рас. Алайда олар тек өздерінің, қазақ ұлтының ғана мәселесін көтеріп, жоғын жоқтап, жағдайын ойлап шықпады. Олар күллі Қазақстан халқының мәселесін көтерді. Және "елдің мұңын мұңдап алаңға тек қазақтар ғана шықты, Қазақстан азаматы саналатын осы елде тұратын өзге ұлт өкілдері қайда жүр" деп айтпады.

 

Ал бейбіт митингтерден кейінгі жаппай тәртіпсіздір мен заңсыздықтар бөлек қарастырылатын мәселе. Оған қатысқан адамдар мен бейбіт халықты шатастыруға, қатар қоюға еш болмайды. Бұл – бір.

Екіншіден, заңсыздықтарға қатысқандарға қатысты қылмыстық, әкімшілік істер жалғасып, олардың түр-тұлғасы мен ұлты, мақсаты мен діттегені әлі тергелік, тексеріліп жатқанда Марат Әзілханов "тәртіпсіздіктер мен заңсыздықтарға этнос өкілдері" қатыспады дегенді неге сүйеніп айтып тұр?

Оның сөздерінің екінші мағынасы "тәрсіпсіздіктер мен заңсыздықтарға тек қазақтар қатысты", "билік айтып жатқан "террористер" тек қазақтар" болып тұр ғой. Бұлай дейтіндей, Марат Әзілханов тәртіпсіздікке қатысқан әр адаммен тілдесіп, оның ұлтын сұрап шығып па? Биліктің, ресми телеарналардың өзі тәртіпсіздік кезінде "бір-бірімен жат, түсініксіз тілде сөйлесушілер болды" деп таратқанын ол білмей ме?

 

Марат Әзілханов құқықтық баға берілмеген жағдай туралы дәлел-дәйексіз қалай ғана мәлімдеме жасайды? Ұлтаралық достық пен татулық жолында қызмет ететін ұйым төрағасының орынбасары арандатушылықпен айналысып отырғанын, саяси сауатсыз сөз айтқанын түсіне ме? Мұндай мәлімдемелердің теріс салдары болуы мүмкін екенін аңғара ма?

 

Марат Әзілхановтың бұл мәлімдемесі онсыз да соңғы уақытта қызметі жиі сыналып жүрген Қазақстан халқы ассемблеясына деген наразылықты үдете түсті.

Кейінгі уақытта Ассамблея туралы "елде болған ұлтаралық кикілжіңдердің алдын ала алмады", "ұлтаралық қақтығыстар ассамблея жұмысы тиімсіздігінің көрсеткіші" деушілер көбейген.

Бұдан бөлек ел ішінде ұлтаралық, этносаралық саясатқа байланысты көзқарасты өзгерту керектігі туралы да пікірлер бар. Қазақстан билігі елді 130 ұлт тату-тәтті тұратын мемлекет ретінде көрсетеді. Алайда осы 130 ұлт деген түсінік қалай пайда болғаны, қалай есептелгені түсініксіз.

Статистика комитетінің 2021 жылдың басындағы дерегінше, Қазақстанда саны миллионнан асатын екі ғана ұлт тұрады. Нақты айтқанда қазақтардың саны 13 млн 29 мың 227 болса, орыстардың саны – 3 млн 478 мың 287. Саны 100 мыңнан асатын 8 этнос бар. Атап айтқанда олар өзбектер, украиндар, ұйғырлар, татарлар, немістер, түріктер, кәрістер, және әзербайжандар. Саны 10 мың мен 100 мыңға дейінгі 7 этнос тұрады. Олардың қатарында дүнгендер, белорусьтер, тәжіктер, күрдтер, шешендер, поляктар, башқұрттар бар. Қалған этностардың барлығының жалпы саны 196 мыңнан сәл асады. Бұл – жалпы халық санының 1 пайызынан сәл ғана асады. Билік айтатын 130 ұлттың ішіндегі 113 ұлт осы 1 пайыздың ішінде жүр. Осыған бола Қазақстанда 130 ұлт өкілі мекен етеді деп дабыра қылып айтуға бола ма, жоқ па, бұл әрине басқа мәселенің тақырыбы.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар