"Самұрық-Қазына" Ұлттық әл-ауқат қорының басқарма төрағасы Алмасадам Сәтқалиев президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сынынан кейін қорды реформалауға дайын екенін мәлімдеді. Бұл туралы ол facebook парақшасында жазды.
– "Самұрық-Қазынаның" алдында үлкен мүмкіндік туып отыр. Қоғамда қызу талқыланып жатқан реформаларды жүзеге асыруымыз керек. Реформалау бағдарламасына нақты, әрі тиімді ұсыныстар бере алатын азаматтармен диалог орнатуға дайынбыз, – деді А. Сәтқалиев.
Ол алдағы уақытта жоспарлар ашық ақпарат көздерінде және корпоративтік сайтта жарияланатынын айтты.
– Біз барлық сауалдарға жауап береміз. Өзгерісті өзімізден бастап, ашықтық, есеп беру, бизнеске кедергі келтірмеу, әлеуметтік жауапкершілік және сыбайлас жемқорлықпен күрес қағидаттарын негізге алып отырмыз. "Самұрық-Қазына" Қазақстан Республикасы азаматтарына Қор активтерін тікелей иеленуге мүмкіндік бермек. Біз бизнес-процестер мен Қордың компаниялар тобындағы корпоративтік басқару тәжірибесін реформалауды ұсынамыз. Есеп беру мен басқару тетіктері басқаша болады. Мұнай, газ, көмір, тасымалдау мен ұқсату, электрқуатын өндіру, телекоммуникациялар және басқа да салалардағы қатынастарды жаңалауға бет аламыз, – деді ҰӘҚ басқарма төрағасы.
21 қаңтарда президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстанның ірі бизнесмендерімен кездесуінде "Самұрық-Қазына" қоры жұмысын ашық жүргізбейтінін, сатып алулар жүйесі тиімсіз екенін айтқан. Мемлекет басшысы өз сөзінде ауқымды жобалар аяғына дейін жеткізілмей жатқанын атап өтіп, қорға түбегейлі реформа жасауды тапсырған. Аталған мәселе бойынша президент Алмасадам Сәтқалиевпен сөйлескенін, егер ол жүктелген міндетті атқара алмаса, өзі де, Қор да бірге кететінін мәлімдеген.
Пікір қалдыру