Қазақстанда 2015 жылдың қазан айынан бастап, сауда және қызмет көрсету саласында еңбек ететін кәсіпкерлер жаңа несие желісіне қол жеткізе алады. Бұл туралы "Қамшы порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Бұл туралы бүгін Алматыда Орталық коммуникациялық қызметі филиалының «Инфляциялық таргеттеу режіміне негізделген жаңа валюталық саясат» тақырыбы бойынша өткен көшпелі отырысы барысында «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ Басқарма төрайымының орынбасары Мирас Бейсембаев мәлімдеді.
Оның айтуынша, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ мен Азия Даму банкі арасында 228 млн. долларға ( теңгемен 63-64 млрд. теңге) несиелік келісім жасалған. Бұған Үкімет кепілдеме беріп отыр.
«Біз сондай-ақ, екінші дәрежелі төрт банкпен несиелік келісімге қол қойдық. Азия Даму банкі тарапынан бөлінетін 228 млн. АҚШ доллары осы төрт банкке теңгелей салынатын болады. Яғни, «Цеснабанк» АҚ - 86 млн. АҚШ доллары, «Қазкоммерцбанк» АҚ - 82,3 млн. АҚШ доллары, «Delta Bank» АҚ - 50 млн. АҚШ доллары және «Казинвестбанк АҚ - 9,7 млн. АҚШ доллары баламасымен салынады. Сонымен, кәсіпкерлер алдағы айдың басынан бастап, сол банктерге жүгіне алады. Несие шамамен 7 жылға 14 пайыздық мөлшерлемемен беріледі. Егер алынған несие экономиканың басымдық берілген салаларына жұмсалатын болса, онда мемлекет тарапынан 14 пйыздық мөлшерлеме 7 пайызға түсіріледі. Ал кепілі жеткіліксіз болып жатса, онда «Даму» қоры өз тарапынан бұл несиелер бойынша кепілдеме бере алады», - деді М. Бейсембаев.
Сонымен қатар, ол аталған несие бойынша валюталық тәуекелдік орын алмайтындығын, кәсіпкерлер үшін бұл жағынан ешқандай қауіп болмайтындығын айтты.
«Біз бұл жерде валюта-пайыздық своп операциясын қолданамыз. Ұлттық банкпен бұл жөнінде келісім бар. Яғни, біз сырттан доллармен ақша ала отырып, Ұлттық банкпен валюта-пайыздық своп операциясын жасаймыз. Валюта бағамы тұрақты түрде бекітіледі. Содан кейін несие теңгелей игеріле бастайды. Ұлттық банктің бағамының өзгеруі бұл несиелерге кері әсер етпейді», - деді М. Бейсембаев.
Пікір қалдыру