Л.Гандилов: Н.Назарбаевты әлемдік деңгейдегі тұлғалар Т.Рузвельт, У.Черчилль және Дэн Сяопинмен бір деңгейде қоюға болады

/uploads/thumbnail/20170708195546898_small.jpg

Әзербайжан Республикасының Қытай Халық Республикасындағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Латиф Гандилов Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевты әлемге әйгілі тарихи тұлғалар АҚШ-тың 26-ы президенті Теодор Рузвельтпен, Ұлыбританияның премьер-министрі (1940-1945, 1951-1955 жылдары.)  Уинстон Черчилльмен, «қытайлық реформалар сәулетшісі» Дэн Сияопинмен бір деңгейге қояды. Бұл туралы "Ұамшы" порталы Қазақпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

«Біз белгілі бір жетістіктер (Қазақстан халқы Ассамблеясы мен тұтастай қазақ халқының жетістіктері-ред.) туралы айтқанда, оның екінші жағына да назар аударуға тиіспіз, яғни мұнда құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың еңбегі ерен - оның саяси ерік-жігері мен даналығының арқасында бейбітшілік пен өзара түсіністікке негізделген қуатты мемлекет құруға мүмкін болды. Сондықтан да, мен бүгін шын ықыласыммен Нұрсұлтан Әбішұлын әлемдік лидерлер болып табылатын Рузвельт, Черчилль және Дэн Сияопинмен қатар атар едім», - деді Әзербайжан Елшісі Бейжіңде «Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы:  қоғамдық келісім мен ұлттық бірліктің қазақстандық үлгісі» тақырыбымен өткен дөңгелек үстел жиынында.

Еске сала кетсек, елші Латиф Гандилов экономика ғылымдарының кандидаты, дипломатиялық қызметтен бұрын (1995 жылдары) Баку қаласында кешенді даму проблемалары ғылыми-зерттеу орталығының аға ғылыми қызметкері болды, Политехникалық институтта дәріс беріп, саяси экономика кафедрасының доценті болған. 2004-2010 жылдар аралығында Қазақстандағы Әзербайжан елшілігін басқарды. 2010 жылдың мамыр айында Қазақстанның «Достық» орденімен марапатталған.

Бейжіңдегі дөңгелек үстелді Қазақстанның Қытай Халық Республикасындағы Елшілігі ұйымдастырып отыр. Шараға ШЫҰ Бас хатшысы Дмитрий Мезенцев, Қытайдағы Елшілер Андрей Денисов (Ресей), Қанайым Бақтығұлова (Қырғызстан), Чинар Рустамова (Түркіменстан), Латиф Гандилов (Әзербайжан), сондай-ақ, тәжік, украин, беларусь дипломаттары, Қытай халықтық қоғамының шет мемлекеттермен достық қоғамы қызметкерлері, ҚХР ұлттар ісі жөніндегі мемлекеттік комитетінің өкілдері, қытайлық ғалымдар қатысты.

Айта кетерлігі, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжан бастаған делегация құрамында Парламент Мәжілісінің депутаттары Зухра Саяпова мен Надежда Нестерова, «Дұнған этномәдени орталығы қауымдастығы» ҚБ басқарма мүшесі Шакир Хахазов, «Қазақстандағы ұйғырлардың республикалық мәдени орталығы» ҚБ төрағасы Шаймардан Нурумов, Қазақстан халқы Ассамблеясы Алматы облыстық хатшылығының меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, ҚР Президенті Әкімшілігі ҚХА хатшылығының инспекторы Еділ Оспан, Сыртқы істер министрлігі Сыртқы саяси талдау және болжаулар департаментінің кеңесшісі Аида Ермекқалиевалар болды. 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар