Парижде жұма күні Украина және Сирия жағдайларына қатысты Норман төрттігінің кездесуі өтті. Владимир Путин, Петр Порошенко, Ангела Меркель және Франсуа Олландтың жабық форматта өткен келіссөздері бес сағатқа созылған болатын. Бұл туралы «Қамшы» порталы euronews.com-ға сілтеме бере отырып хабарлайды.
Бұл ақпанда өткен Минск келісімінен кейінгі басшылардың алғашқы кездесуі.
«Бейбітшілікке жету жолында әрбір қадам талқыға алынған маңызды кездесу болды. Париждегі бұл келісім де Минск келісімі іспетті сөзден іске кіріскенде ғана нәтижесін бермек», - деп оптимистік көзқарасын білдірді Франсуа Олланд. Сонымен қатар, Шығыс Украинадағы қазанға жоспарланған сайлаудың қайта ұйымдастырылып, заңдары қайта бекітілетінін айтып өтті. «Бұған себеп – сайлау келісімге сәйкес емес шарттарға негізделген», - деп түсіндірме берді Олланд мырза.
Саммиттен кейін Франция Президентінің ресми инстаграм-аккаунтында нормандық форматтағы кездесу барысы туралы видео жарияланған болатын. Ондағы Ресей Президенті Владимир Путин мен оның украиналық әріптесі Петр Порошенко екеуі бір-бірінің қолын қысқан кадр әлеуметтік желі қолданушыларының назарын бірден аударды. Біреулер мұны игі істің басмасына баласа, енді біреулер жай ғана дипломаттық этиканың көрінісі ғана деп тон пішіп әлек.
Айта кетейік, Норман төрттігінің 11-12 ақпан аралығында Минск қаласында өткен келіссөздері 16 сағатқа созылған болатын.
Пікір қалдыру