Саясаттанушы, белсенді Санжар Боқаев баспасөз жиынын өткізіп, "Намыс" деп аталатын саяси партия құратынын жариялады.
Саясаттанушы "Намыс" ел жастарына иек артып, адами құндылықты, адами капиталды басты орынға шығаратын цифрлық партия болатынын айтады. Ол атаудағы "цифрлық" сөзін партия жұмысын жастар көптеп отыратын желілік платформалар арқылы ілгерілетіп, қандайда бір мәселені ашық әрі электрондық форматта талқылау ниетімен байланыстырды.
Сөзінше, партия құру туралы шешімге келуіне елде болып жатқан жағдайларды өзгертуге деген құлшыныс пен көпшіліктің сұрауы себеп болған.
Санжар Боқаевты партия құруға шақырған адамдардың жазбалары. Фото: Qamshy.kz
Партия бағдарламасы 7 бағыттан тұрады:
1. Әділ, тәуелсіз, адал сот жүйесін құру;
2. Жемқорлыққа ымырасыз күрес жариялау;
3. Мемлекетті, қоғамды, жастарды дамыту үшін мәдени революция жариялау;
4. Толық саяси трансформация жүргізу (әділ, тәуелсіз сайлау жүйесін құру, жаңа партияларды тіркеу, өзін өзі ұсыну құқығын қайтару, парламент сайлауын өткізу, қала әкімдерін сайлау);
5. Мемлекеттік аппарат санын қысқартып, тиімділігін арттыру;
6. Сапалы біліммен, медицинамен қамтамасыз ету;
7. Жастарға арналған зауыттар (жұмыс орындарын) ашу;
Саясаттанушы партия төрағасы сайлау арқылы таңдалатынын, тіркеліп, парламентке өтіп жатса, бюджет есебінен қаржыландырудан бас тартатынын мәлім етті. Сондай-ақ кәсіпкерлерден де қаржы алу ойында жоқ екенін жеткізіп, партия оның мүшелерінің жарнасы негізінде өзін-өзі қаржыландыратынын айтты.
– Айына 100 теңге бізді қолдайтындар үшін үлкен төлем емес, әзірге өз қаржымды жұмсап жатырмын. Маған ақша ұсынғандар аз болмады, бірақ мен принципті түрде оны алмаймын. Мен тек халыққа, жақтастарыма сенемін, – дейді ол.
Сонымен қатар ол елдегі жемқорлықты 3 жылда жоюға болатындай жоспары барын атап өтті.
Саясаттанушы өзіне қойылған сауалдарға жауап бере отырып, биліктің болмаса, қандайда бір кланның саяси жобасы емес екенін, мемлекеттік қызметте мол тәжірибе жинап, ол жердегі механизм іштей қалай жұмыс істейтінін, оны өзгерту жолдарын білетінін айтты.
Саясаттанушы сондай-ақ қолдаушылар болып жатса, президенттікке өз кандидатурасын ұсынуға қарсы еместігін білдірді.
Алдағы уақытта партияны тіркеу жұмыстарын бастайтынын, оның барысында билік тарапынан кедергі жасалып жатса, "түрлі тосынсыйға толы әр қадамды" ойластырып қойғанын мәлім етті.
Санжар Боқаев 1982 жылы туған. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін, Ресей Федерациясы президенті жанындағы мемлекеттік қызмет академиясын бітірген, АҚШ-тың Колумбия университетінде тәжірибеден өткен.
Әр жылдары Алматы қаласы ішкі саясаты басқармасы, жастар саясаты басқармасына жетекшілік еткен. Президент жанындағы стратегиялық зерттеулер институтында жұмыс істеген. "Нұр Отан" партиясы Алматы филиалы төрағасының орынбасары болған.
ҚазТрансГаз компананиясы экс-басқарма төрағасы Қайрат Шәріпбаевтың, сенат спикері болып тұрғанда Дариға Назарбаеваның кеңесшісі болған.
Соңғы жылдары мемлекеттік қызметтен кетіп, кәсіпкерлікпен, саяси белсенділікпен айналысып жүр.
Пікір қалдыру