Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар оқиғасына дейін және одан кейін қайда болғаны анықталды. Бұл туралы ҚазТАГ редакциясы хабарлады.
Агенттік таратқан ақпаратқа сүйенсек, Назарбаев 2022 жылғы 3 қаңтарға дейін Алматы облысында болған.
"Өзінің туған ауылында, Жамбыл және Қарасай аудандарындағы тұрақты демалыс орындарында болды. Алматыдағы оқиғалар жаппай сипат ала бастағанда, оны қаңтардың 4 күні түнде Дулати көшесіндегі (бұрынғы Науаи көшесі) жеке резиденциясынан ешкімнің назарын аудармас үшін қосалқы жолдар арқылы әуежайға апарды. Бұған мемлекеттік күзет қызметкерлері мен Алматы қалалық жол полициясы арнайы батальонының шектеулі саны куә" делінген агенттік дереккөзінде.
Артынша экс-президент Ақмола облысында жүрген.
"Президент Қасым-Жомарт Тоқаев 4-5 ақпанда Олимпиадаға сапары кезінде Назарбаев Бурабай курортында болған. Ол өзінің резиденциясында 5 күн демалды. Бұл жолы ол курортқа автокөлікпен барған, бұрын ол тікұшақпен келуші еді" делінген хабарламада.
Агенттік әдетте Назарбаев Бурабайға келерде онда үздік күзет тобы, бірнеше брондалған көлік және сигналдарды сөндіретін техника бар арнайы КамАЗ келетінін жазды. Тіпті екі әскери тікұшақ пен жедел әрекет ету тобы кезекшілікте тұратын. Алайда бұл жолы мұның ешқайсысы болмаған. Сондай-ақ Назарбаевтың кейбір күзет офицерлері ауысқан.
Дереккөз Назарбаев бұған дейін Қазақстан үкіметіне тиесілі (тіркеу нөмірі UP-EC501) №1 Eurocopter EC 225LP Super Puma II + тікұшағын пайдаланғанын атап көрсетеді. Оның ұшып-қонуы кезінде кем дегенде бір әскери тікұшақ қатар жүрген. Дереккөз оның автокөлікпен жүруін денсаулық жағдайымен байланыстырады.
"Президент Тоқаев қаңтар айына дейін ресейлік МИ-8 тікұшағымен ұшатын, бұл Еурокоптерден әлдеқайда арзан" делінген агенттік хабарламасында.
Дереккөз ақпан айының басына дейін Назарбаев Қазақстанда болғанын, қазіргі уақытта Біріккен Араб Әмірлігінде екенін айтады.
"Назарбаев қазір коронавирус пандемиясы өршіп тұрғанда 100 миллион доллардан астам ақшаға сатып алынған Airbus 320 NEO ұшағымен саяхаттап жүр. Назарбаевтың ТМД елдері басшыларының кездесуіне ұшқан Airbus A330 ірі ұшағы елордалық Нұрсұлтан Назарбаев атындағы әуежайдың ангарында тұр" делінген ақпаратта.
Пікір қалдыру