Тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамай әкімшілік қамауға алынғандарға арналған мекемеде емес, Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында. Бұл туралы саясаткердің әйелі Инга Иманбай әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді.
– 13 ақпанда қаңтардағы қайғылы оқиғада қаза болғандарды еске алған митингіге қатысты Жанболат Мамайға әкімшілік кодекстің 488-бап 7-бөлімі (бейбіт жиын тәртібін бұзу) бойынша айып тағылды. Өздеріңіз білесіздер митингке 1000-нан астам адам қатысты. Бірақ бізге Жанболат Мамайды және оның жақтастарын не үшін ұстағандарын түсіндірмеді. Бұл заңсыз, өрескел әрекеттер біздің өмірімізге қауіп төндіріп тұр, – дейді И. Иманбай.
Белсендінің әйелі Мамай және оның жақтастарын полиция бөліміне қалай алып кеткендерін айтып берді.
– Бізді көлікпен бірге эвакуатормен полиция бөліміне алып кетті. Бізді кім және не үшін алып бара жатқандарын түсіндірместен, полиция бөліміне алып кетті. Полиция бөліміне келген соң ғана бізге Наурызбай ауданы прокурорының орынбасары 13 ақпан күні Қаңтар құрбандарына арналған қаралы митинг үшін Жанболат Мамайға қарсы әкімшілік хаттама толтырылғанын айтты. Біз бүгінге дейін ұстаудың түр-түрін көрдік. Бірақ көлікті эвакуатормен полиция бөліміне жеткізу деген бірінші рет, – деп атап өтті ол.
Инга Иманбай қамаудағы белсенді Дәурен Достияров денсаулығына байланысты 13 ақпандағы митингке қатыспағанын жеткізді.
– Өздеріңіз білетіндей, Дәурен Достияров қаңтар оқиғасынан кейін бір апта бойы азапталып, полицияға қарсы қылмыстық іс қозғалды. Оны полицияға бағынбағаны үшін, бес тәулікке соттады. Келесі күні, сенбі 26 қаңтар күні Жанболат Мамайдың тағы бір жақтасы Рысбек Тоқтасынды ұрып-соғып, оны арнайы мекемеге емес Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында 15 тәулікке қамауға алды. Мұның бәрі ешнәрсенің өзгермегенін, қаңтар трагедиясы оларға сабақ болмағанын көрсетеді, – деді ол.
Сондай-ақ саясаткердің әйелі мен жақтастары ҚДП өкілдерінің уақытша ұстау изоляторында ұсталуына наразылықтарын білдірді.
– Алматыда әкімшілік қамауға алынғандарға арналған арнайы түрме бар. Бірақ Жанболат Мамай мен Рысбек Тоқтасын қазір ол жерде емес, қаңтардағы қайғылы оқиғадан кейін ұсталғандар, аяусыз азапталған Алматы қалалық полиция департаментінің уақытша ұстау изоляторында отыр. Дәл осы Алматы қалалық полиция департаментінде Дәурен Достияровты азаптаған кезде, Мамайға қарсы куәлік алмақшы болған. Жанболатты әкімшілік қамаққа алдық дейді, бірақ әкімшілік қамаққа арналған түрмеге емес, дәл осы (Алматы қалалық полиция департаменті - ред) түрмеге алып келіп, қамайды. Сондықтан біз Жанболаттың өміріне, денсаулығына, қауіпсіздігіне қатты алаңдаймыз, – деді Инга Иманбай әлеуметтік желідегі видеоүндеуінде.
Пікір қалдыру