Бас прокуратура мемлекет және қоғам қайраткері Заманбек Нұрқаділовтің қазасын тергеуге байланысты оның ұлы Қайрат Нұрқаділовтың арызы қаралып жатқанын мәлім етті.
Алайда ведомство қылмыстық істі тергеу қайта басталғаны туралы ақпаратты терістеді.
"Әлеуметтік желілерде Бас прокуратураның Заманбек Нұрқаділовтің қаза болу фактісі бойынша қылмыстық істі тергеуді қайта бастағаны туралы ақпарат таралуда. Бас прокуратура бұл мәліметтердің шындыққа жанаспайтындығын хабарлайды. Қайрат Нұрқаділовтың арызы ведомствомен қаралуда" делінген ақпараттық хабарламада.
Бұған дейін Қайрат Нұрқаділов әкесінің қазасын қайтадан тергеу мәселесін көтеріп, бас прокуратураға арыз жазғанын мәлім еткен. Ол әкесінің өліміне қатысты ресми нұсқамен еш келіспейтінін, оның кісі қолынан қаза тапқанына сенімді екенін айтқан.
– Әкем қайтыс болғанда полиция департаменті іс қозғап, мені жәбірленуші ретінде қатыстырды. Департаментке шақырып, қылмыстық іс аяқталған соң тергеу қорытындысына өзің қол қоясың деді. Мен әкемді өлтіргенін білдім. Департаменттен шыққанымда пальто киген екі жігіт күтіп алды. Олардың жәй адам емес екенін, органда істейтінін түсіндім. Келді де "Қайрат, өзін-өзі өлтірді дегенге келісесің" деді. Келіспеймін десем, олар "сені өлтіру ас үйде ұшып жүрген шыбынды өлтіруден де оңай, сен бізге проблема емессің" деп айтты, – деп әкесінің артынан жүгіретін адам қалсын деген ниетпен, екінші жағынан бала-шағасын ойлап амалсыз келіскенін жеткізген.
Пікір қалдыру