Астана тұрғындары Құрбан айт мерекесін атап өтуде

/uploads/thumbnail/20170708195722162_small.jpg

Бүгін барша мұсылмандардың ең ұлық мерекесі - Құрбан айт мейрамы. Бұл мереке ең əуелі айт намазын оқумен басталады. Елордалық мешіттерде айт намазы таңғы сағат 7:45 оқылды. Қасиетті Құрбан айт мерекесі  Рамазан айынан кейін 70 күн өткен соң тойланады. Биыл Құрбан айт мерекесі 24-26 қыркүйек күндері атап өтуде. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпартқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Бұл күні әлемдегі барша мұсылман қауымы құрбандыққа мал шалып, оның етін үшке бөледі. Бір бөлігін тұрмысы төмен отбасыларға таратады, екінші бөлігі өзінің отбасында қалады және үшінші бөлігі қонақтарға арналған мерекелік дастарханға қойылады.

Санитарлық-эпидемиологиялық ережелер мен талаптарға сәйкес Астана қаласында малды құрбандыққа шалатын арнайы орындар белгіленді.

Еске сала кетейік, негізгі құрбандық шалатын орын Қосшы елді-мекеніне жақын «Алтын таға» мал базарында орналасқан. Бұдан басқа, «Пищекомбинат Астаналық» ЖШС, М. Дулатов к-сі, 191; «Нұрбереке 555» ЖШС, Алаш тасжолы, 30; «Метро» СО, «Шаушен» шаруа қожалығы, Астана-Павлодар тасжолы, 9 км;  «Темеш» шаруа қожалығы; «Астана - Софиевка» тасжолы, 7 км; «А. Есжанова» ДК; «Жайлау», Алаш тасжолы;  «Мақсат 2007» ЖШС; Теміржолшылар тұрғын алабы, Ақжар к-сі, 20 бойынша да құрбандық шалу алаңдары бар.

Астана қаласындағы «Нұр Астана», «Әзірет Сұлтан» және «Сәдуақас қажы Ғылмани» атындағы мешіттердің алдындағы алаңдарда киіз үйлер тігілді. «Әзірет Сұлтан» мешітінің қызметкерлері 200 отбасыға құрбандық еті мен айттық пакеттер таратты. Бұдан бөлек, С.Сейфуллин атындағы агротехникалық университетінің студенттеріне 150 пакет, "Алматы" ауданының әкімдігі тізіміндегі әлеуметтік аз қамтылған отбасыларға 125 пакет, «Әзірет Сұлтан» мешітіне өтініш білдіріп келген жандарға және Астана қаласындағы түрлі қоғамдық ұйымдарға 325 пакет үлестіретін болады. Бұл туралы «Әзірет Сұлтан» мешітінің баспасөз қызметі хабарлайды.

Құрбан айт мерекесі аясында қалалық мешіттердің алдындағы алаңдарда ұлттық спорт түрлерінен жарыс (қазақша күрес, асық ату, арқан тартыс) және мәдени шаралар (күй, терме айту және т.б.) өтіп жатыр, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

 

 

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар