Халықаралық Мир 24 телеарнасы «Евразия. История успеха» бағдарламасының кезекті санын қазақстандық кәсіпкер, меценат, "Асыл адам" қайырымдылық қорының басшысы Көңілбай Шүкеновке арнады.
Меценат сұхбат барысында қарапайым дәнекерлеушіден бастап, бүгінде түрлі салада бизнесі бар табысты адамға дейінгі жүріп өткен жолы, сол жолда кездескен қиындықтарды қалай еңсергені туралы айтады.
– Үйде төрт адамбыз. Анам біздің тамағымыз тоқ, көйлегізім көк болуы үшін танымсыз еңбек етті. Бойымда табандылық, тек алға жүретін қасиет болса, осы анамнан дарыған шығар деп ойлаймын. 6-сыныпта шығарма жаздық. Бірі ғарышкер, бірі дәрігер, бірі президент болғысы келетінін айтса, мен жәй ғана адамдарға көмектескім келетіні туралы жаздым. Біздің балалық шағымыз кеңес үкіметінің ыдыраған шағымен тұспа-тұс келді. Мен дәнекерлеушінің оқуына барып, тынбай жұмыс істедім. Ол кезде бизнесмен боламын деп емес, жанбағамын деп жұмыс істейтінбіз. Үйге нан әкелудің мүмкін болған барлық амалын жасайтынбыз. Бір кездері қала-қаланы аралап арматура, құбырлар, түрлі-темір саттық. Өзбекстан шекарасына дейін баратынбыз. Таксимен Түркістанға дейін барып, автобусқа отырамыз. Автобустың төменгі жағы толған тауар, үстінгі бөлігінде көрпе төсеніп біз жатамыз, – дейді бизнесмен кәсіпкерліктегі алғашқы қадамдарын еске алып.
Оның сөзінше, сол кездерде қымбат спорттық көліктер, жеке гидроцикл, катер туралы армандаған. Ал Жезқазғанда соның бәріне қол жеткізгенде мұндай жағдай көпшілікте жоқ болғандықтан, байлық рухани ләззат сыйлай алмайтынын түсінген.
– Аптадағы 7 тәулікте 24 сағат бойы жұмыс істеймін. Самғаған, құлаған кездеріміз болды. Әкімшілік тарапынан кедергі келтіргендер, рейдерлік әрекет жасамақ болғандармен ұшырастым. "Астана Триумф" тұрғынүй кешенін салғанда жаңа компания ашып, үйдің қасбетін жасаумен айналыстық. Менен тәжірибеміз бар-жоғы туралы сұрады. Мен тәжірибеміз бар екенін айтып, жаңа команда құрып, интернеттен, аннан-мыннан қарап, ізденіп жүріп жұмысқа кірісіп кеттік. Бізде тәжірибе жоқ екенін ешкім білмей де қалды. Біз құдды бәрін білетіндей жұмыс істедік. Бизнесте кейде тапсырыс алу үшін қулық жасауға тура келетін жайттар болады. Елді дағдарыс жайлап, қаржыландыру тоқтап қалған кезде, менің жігіттерім бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, бірлік танытты. Маған ақырына дейін сенді. Мен олардың ақысын жемеу үшін қолымда бардың бәрін бердім. Үйімді, көлігімді саттым. Есімде, олар жаңа жылға үйлеріне қуанып қайтты, сол кезде менің қалтамда 200 мың теңге мен рөлі оң жақтағы көлік қана қалды, – дейді кәсіпкер.
Көңілбай Шүкенов 2014 жылы "Асыл адам" қайырымдылық қорын құрады. Қордың негізгі мақсаты азаматтарды баспана және жұмыспен қамтамасыз ету. "Асыл адам" адамды түріне, ұлтына, тілі мен дініне бөлмейді. Қазақ, орыс, украин, поляк секілді ұлттардың өкілдері қор тарапынан баспаналы болып жатқаны соның бір дәлелі. Қорды құрғандағы мақсат та сол "Асыл адам" – асыл адамдардың басын қосады.
"Мемлекеттік қолдауға ілігудің бірден-бір шарты адам бақытсыз болуы керек, ал біз адамдарды бақытты қылғымыз келеді" деген кәсіпкер қор тарапынан тегін үй алу үшін баспанаға мұқтаждығын дәлелдеу жеткілікті дейді.
Қор құрылған 8 жылда 40 көпбалалы шаңырақты үймен қамтамасыз еткен.
Көңілбай Шүкенов бүгінде вареник пен сағат сатудан бастап, киім-кешек өндірісі, элиталық санаттағы жылжымайтын мүлік сатуға дейінгі көптеген салалармен айналысады. Бұлардан бөлек әлеуметтік жобалармен, ауыл шаруашылығы кооперативімен шұғылданады. Ол бұл жобаны құрған өзі болғанымен, иесі халық екенін, "мен жасадым деп емес, біз жасадық" дегенді аузынан тастамайтынын, бүгінде оған 50 мың адам сенім артып жұмыс істеп жатқанын айтады.
Қазіргі таңда Көңілбай Шүкенов компанияларының бөлімшелері Қазақстанның барлық ірі қалаларында бар. Одан бөлек Өзбекстан, Қытай, Түркия, Ресей елдерімен серіктестік орнатқан. Жақында кәсіпті кеңейтіп Дубай нарығына шығуды жоспарлап отыр.
Бизнесменнің басты ұстанымы: маңыздысы – ақша емес, ақша тек қажетті құрал ғана, маңыздысы – жасаған ісің, адамға пайдалы болу, көпке көмектесу.
Көңілбай Шүкенов кәсіпті жаңа бастап жатқандарға армандай біліңіз, арманыңызға сеніп, тынымсыз еңбек етіңіз деп кеңес береді.
Пікір қалдыру