Өзіне қол жұмсамақ болған журналистің үстінен қозғалған қылмыстық іс туралы ақпарат шықты

/image/2022/04/06/crop-18_16_534x949_9c84c1ad84abdd00fb4439adcc67b0b9ea3aa242.jpg

Шымкент қаласы полиция департаменті өзіндік қауіпсіздік басқармасы департамент баспасөз қызметінің бұрынғы басшысы Мөлдір Бекееваның суицид жасауға әрекеттенгенін растады.

Сондай-ақ басқарма Бекеева қоштасу хатында жазғандай, оның үстінен қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-бөлігі (билік өкілін қорлау) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын да растап, істі қозғауға не себеп болғанын түсіндірді.

"Наурыз айының соңында Youtube-каналда ПД баспасөз қызметінің жетекшісі делінген адам полиция қызметкеріне боғауыз сөз айтып жатқаны жазылған жазба жарияланды. Соған байланысты Шымкент ПД басшысы (Қайрат Дәлбеков – ред) сотқа дейінгі тексеріс тағайындады. Нәтижесінде өзіндік қауіпсіздік басқармасының қызметкерлері баспасөз қызметінің жетекшісімен болған әңгімені жазып алған полицейді анықтады. Қызметкер үйінің жалғыз асыраушысы болғандықтан, әңгімені өзінің жұмыс орнын сақтап қалу мақсатымен былтырғы желтоқсанда жазылғанын жеткізді" делінген хабарламада.

ӨҚБ полицей оперативтік орталық басқармасының маманы болып жүрген жерінен ПД-ның бұрынғы басшысының командасы бойынша баспасөз хатшының қол астына жіберілгенін мәлім етті.

"Бекеева күнде жанжал шығарып, боғауыз сөзбен полицейдің ар-намысына тиіп, тіпті жұмыстан қуыласың деп қорқытқан. Соның салдарынан полицей жазбаны WhatsApp арқылы достарына бөлісіп, өзі моральдық, психологиялық қысымды көтере алмай ауруханаға түсіп қалған. Оның сөздерін Бекеевамен 10 айдай бірге істеген баспасөз қызметінің қызметкерлері, кадр жұмыстарымен айналысқан мамандар, 5 жүргізуші растап отыр" дейді басқармадағылар.

Басқарма полицей арызы бойынша Бекееваның үстінен қылмыстық кодекстің 378-бабы 1-бөлігіне (билік өкілін қорлау) сай қылмыстық іс қозғалғанын, ал суицид жасау әрекетіне байланысты қылмыстық кодекстің 105-бабы (өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізу) бойынша қылмыстық іс қозғалғанын атап өтті.

Бұған дейін Шымкент қаласы полиция департаментінің енді экс-ресми өкілі Мөлдір Бекеева департаментке басшы болып келгеніне көп болмаған Қайрат Дәлбековтың қылмыстық істерін жүзеге асыруға атсалыспағаны үшін оның тарапынан қудалауға ұшырап, психологиялық қысым көргендіктен өз еркімен жұмыстан кетіп, өзіне қол салмақ болғаны хабарланған.

Ол қоштасу хатында Қайрат Дәлбеков экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевтың құдасы, жемқорлық әрекеттерімен аты шыққаны туралы айтқан.

Мөлдір Бекеева қазіргі уақытта жансақтау бөлімінде комада жатыр, жағдайы тұрақты ауыр.

Дереккөз: КазТАГ

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар