Қазақ ұлттық өнер академиясы жас талапкерлер үшін «ашық есік» күнін өткізді

/image/2022/04/25/crop-12_60_697x1239_whatsapp-image-2022-04-25-at-16.05.58.jpeg

22 сәуір күні өнердің қарашаңырағы атанған киелі оқу ордасы – Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясында мектеп және колледж бітіруші түлектер үшін «Ашық есік» күні өтті.

Шараның ресми бөлімі академия алаңында белгілі өнер майталмандары, эстрада, би, театр, кино және тв, бейнелеу, сән саласының өкілдері қатысқан мерекелік концертпен басталды.

Салтанатты жиынды ашқан академия ректоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Азамат Сатыбалды арманына қадам басқан жас талапкерлерді өнер ордасы қарсы алуға дайын екенін жеткізді.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметі

«67 жылға жуық тарихы бар өнер академиясынан қазақтың небір бұлбұлы мен дүлдүлі түлеп ұшқаны белгілі. Бүгінде халық артистері, елімізге еңбек сіңірген қайраткерлер осы қасиетті қарашаңырақтан өз сыбағасын алып, өнер көгінде қалықтап келеді. Өз ұлтының небір сахна шеберлері, өнер майталмандары, талантты тұлғалар қалыптастырған үлкен мектептен білім алу – өнерге таласы бар әркімнің де арманы болса керек.

Бүгінгі ашық есік күніне өз арманын арқалап келген өрендердің көзінде ерекше сезім, ғажап ұшқын менмұндалап тұрғанын көріп тұрмын. Ендеше, сол ұшқынды жалындатуға, таланттардың қабілетін ұштай түсуге, олардың нағыз шебер өнер иесі атануына бағыттайтын бірегей өнер ордасы сіздерді қарсы алуға дайын», - деді академия ректоры өз сөзінде.

Фото: Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметі

Фото: Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметі

Қазақстанның халық әртісі Тұңғышбай Жаманқұлов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері – Дулыға Ақмолда, Берік Айтжанов, театр және кино жұлдыздары Еркебұлан Дайыров, Асан Мажит, Рүстем Жаныаманов, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Толқын Забирова, шоу-бизнестің жарқын жұлдыздары Кәмшат Жолдыбаева, Гауһар Қаспақова, Айри, «Алашұлы» және «Алатау серілері», кино саласының белді өкілдері Асқар Ұзабаев, Адай Абельдинов, өнертану ғылымының майталмандары, отандық белгілі суретші және дизайнерлер, танымал хореографтар мен бишілер -  Жүргенов академиясының талантты түлектері арнайы төселген қызыл кілеммен жүріп өтіп, жас талапкерлерге сәттілік тіледі.

«Ашық есік» күні салтанатты түрде ашылған соң жоғарыда аталған мәдениет қайраткерлерімен және шығармашыл жастармен кездесу ұйымдастырылып, әр факультет және кафедра арнайы шеберлік сағаттарын өткізді.

Сондай-ақ, талапкерлер Академия ғимаратын аралап, оқу бөлмелерін және сабақтардың өту барысын тамашалады.

Жыл сайынғы дәстүрге айналған шара мектеп және колледж бітіруші түлектерге Академияда оқытылатын  барлық мамандықпен танысуға мүмкіндік берді.

Фото: Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметі

Болашақ студенттер алты факультет, екі кафедра бойынша толық мәлімет алып, даярлық бағдарламасымен танысып, мамандық таңдау жайлы сұрақтарына жауап алды.

Т. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының баспасөз қызметі

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар