Бүгін Астанада Ұлт Көшбасшысы Кітапханасында еңбек және мұғалімдер күні қарсаңында еңбек әулеттеріне арнап концерт өткізілді. Бұл туралы Қамшы порталы ҚазАқпаратқа сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Жастармен кездесуге елге елеулі отбасылар шақырылған. Мысалы, Мақановтар жанұясында 11 адам ұстаздықты өзінің өмірлік кәсібі етіп таңдаған. Еңбек әулетінің жалпы тәжірибе өтілі 350 жылға татиды.
Бақыт Мақановтың айтуынша, «ең алдымен өз еңбегіне деген адалдық қана емес, қоғамға шарапаты мол осынау мамандықпен айналысудың өзі - отбасы үшін мақтаныш».
Сонымен қатар марапатқа лайық деп танылғандардың ішінде 14 доктор шыққан Төлеутаевтар мен Гиннес рекордтар кітабына аттары жазылуға лайық әулет - Айтбековтер отбасы да шақырылған. Олардың жанұяларынан 20 адам теміржолшы мамандығын таңдаған.
Талай жылдар бойы бір мамандықты атадан балаға мирас етіп келе жатқан осы әулеттердің аға буынымен тілдесуге Астана медициналық университетінің студенттері, колледж және ЖОО оқушылары, Көшбасшысы Кітапханасы жанындағы «Кемер ел» жастарды тәрбиелеу орталығының мүшелері келді.
Еңбек адамдарының естеліктері жиналған жастарды еліктеткені соншалық, студенттер сауалдарды көп жаудырды.
Ұйымдастырушылардың өздері бұл шараның басты мақсаты - еңбек әулеттерін құрметтеу, өскелең ұрпақтың бойында адал еңбекке деген қызығушылығын тудыру, болашақ мамандығына деген көзқарастарын қалыптастыру дейді.
Пікір қалдыру