Жанболат Мамайды қамау мерзімі тағы ұзартылды

/image/2022/05/06/crop-159_83_1046x1859_4596ebe3-4efb-4c17-8264-c6da770687a6.jpeg

Демократиялық партия бастамашыл тобының жетекшісі Жанболат Мамайды қамау мерзімі тағы ұзартылды. Бұл туралы белсендінің зайыбы Инга Иманбай мәлім етті.

"Сот Жанболат Мамайдың түрмеде қамалуын тағы бір айға созды. Жаңа сот қаулысы бойынша енді Zhanbolat Mamay 12 маусымға дейін түрмеде отырады. Бұл әрине саяси қысым! Жанболаттың түрмеде отыратындай еш жазығы жоқ" деп жазды Инга Иманбай Facebook парақшасында.

Сондай-ақ ол ертең Алматыдағы Шоқан Уәлиханов атындағы алаңға Жанболаттың, басқа да саяси тұтқындардың бостандығын талап етіп митингке шығатындарын жеткізді.

Соңғы уақытта "Демпартия" жақтастарын аңду, қамау, айыппұл салу әрекеттері жиілеген. Осыған дейін Мейірхан Жолаев пен Аружан Дүйсебаева "бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзды" деген айыппен 15 тәулікке қамалса, бірнеше белсендіге айыппұл салынған.

Белсенділер мұны биліктің 7 мамыр күнгі митингке шығармауға тырысу әрекеті деп бағалайды.

Қоғам белсендісі Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке, артынша екі қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған. Оған  "қарабет" дегені үшін құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылып отыр. Аталған айыптарға сәйкес, сот кінәлі деп тапса, белсенді 3 жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.

Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы беделді халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.

 

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар