Оппозиционер Жанболат Мамайдың үстінен тағы екі қылмыстық іс қозғалғаны белгілі болды

/image/2022/06/08/crop-23_11_523x929_273919725_5047838275258987_8405298042578131477_n.jpg
Үш айдан астам уақыттан бері қамауда отырған оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партияның жетекшісі Жанболат Мамайға тағы екі айып тағылды. Ол он жылға сотталуы мүмкін. Бұл туралы белсендінің зайыбы журналист Инга Иманбай мәлім етіп, Жанболат Мамай тергеу изоляторынан жазған хат мәтінін жариялады.
 
Хатта саясаткер бүгін өзіне қылмыстық кодекстің ауыр екі бабы – 272-баптың 1-тармағы (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастыру) және 274-баптың 4-тармағы (көрінеу жалған ақпарат тарату) бойынша айып тағылғанын белгенін, өзін қаңтар күндері жаппай тәртіпсіздіктер ұйымдастырып, жалған екені белгілі ақпарат таратқаны үшін айыптап отырғанын айтады.
 
 
"Енді биліктің ақылға қонымсыз бұл тірлігінің қандай ақымақтық екенін түсіндіріп өтсем. "Ұйымдастырды" деп олар 4 қаңтар күнгі "Алматы арена" маңындағы алаңдағы митингті айтып отыр. Мен сол алаңда саяси реформалар жүргізуді талап етіп, жиналған жұртты Республика алаңына баруға шықырыппын-мыс. Бұл айыптары түкке де тұрмайды. Біріншіден, менің "Алматы арена" маңындағы алаңда сөйлеген сөзімнің толық нұсқасы бар. Онда мен ешкімді ешқайда баруға шақырмағаным анық естіліп тұр. Керісінше, бәрінің сол жерде тұрып, ештеңені бүлдірмей, полициямен қақтығысқа түспеуді өтінгенім жазылып қалған. Бұл бейне жазба әлеуметтік желілерде жарияланған болатын. Оның үстіне, бірер минуттардан кейін мені және басқа да бейбіт қарсылық танытып тұрған біраз адамды полиция ұстап әкеткен еді. Мен ешкімді алаңға бастап апарғам жоқ, өйткені ол кезде мен ол жерде болғам жоқ. Екіншіден, мен жалғыз өзім жаппай тәртіпсіздіктерді қалай ұйымдастырады екем? Маған бағынған "топ" қайда? Олар кімдер? "Ұйымның" анық та дәл есептелген жоспары қайда? Әлде мен жалғыз өзім құқық қорғаушы органдардың мыңдаған қызметкерлерін бұзып, жарып, таптап өте шығатын қазақтың "Рэмбосымын" ба? "Өтірік екені белгілі жалған ақпарат" таратты деп, бұлар менің Жаңаөзенде 10 мың адам алаңда тұр деген сөзімді алып отыр. Бұл БАҚ-та жарияланған ашық та нақты ақпарат. Болмаса, прокуратура "ондағылардың бәрін санап шықтық, алаңда тек 9999 адам ғана тұрды" деп, менің айтқанымды жоққа шығарғысы келе ме? Логика қайда? Прокуратураның логикасына салсақ, мұндай айыпты президент Тоқаевқа да тағуға болады емес пе? Өйткені, ол қаңтар күндері тек бір Алматыға ғана 20 мың терроршы шабуыл жасады деп мәлімдеген болатын. Қайда ол терроршылар? Ал, 5 маусым күні Тоқаев елдің алдында 20 мың терроршының болмағанын мойындады. Енді, прокуратура осы факті бойынша қылмыстық іс қозғауы тиіс қой?" дейді белсенді хатында.
 
 
Ол өзіне таңып отырған қылмыстық іс оппозияциядағы тұлғаны қудалау үшін ашылған саяси астары бар іс деп санайтынынын жария түрде мәлімдейтінін, бұл – биліктің тәуелсіз саяси күштерден өлердей қорқатынын көрсетеді мәлім етті.
 
"Мені Назарбаев билігі тұсында қудалауға ұшыратып, түрмеге де қамаған. Сол үрдіс Тоқаев кезінде де жалғасып жатыр. Егер де, президент Тоқаев Назарбаевтың жолымен жүре беремін деп ойласа, қатты қателеседі. Бұл жолда, диктатор Назарбаев сынды, оның да саяси ғұмыры сәтсіз аяқталып, күйрейтінін ескертемін. Соңғы референдумда, ресми деректер бойынша ғана, 1,5 млн азамат Тоқаевтың ұсыныстарын қолдамайтындарын білдірді. Бұл нені білдіреді? Биліктің сүйкімі кеткенін білдірсе керек. Билікке елдің сенімі жоқ екенін білдірсе керек. Ал, өз оппоненттерін саяси қуғынға ұшыратқаны билікке сенім рейтингін көтермесі анық. Мен тап келген қиындықтар мен биліктің репрессиясы алдында басымды имекші емеспін. Күресімді жалғастыра беремін және өзімнің шындығымды соңына дейін дәлелдеп шығамын" дейді оппозициялық саясаткер.

Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке, артынша екі қылмыстық іс бойынша екі айға қамауға алынған. Оған  "қарабет" дегені үшін құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылып отыр. Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы беделді халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар