Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев кәсіпкерлермен, шетелдік инвесторлармен кездесті. Жиын кезінде жұмыс орнын сақтап, жалақыны уақытылы төлеуді тапсырды. Бұл туралы Қамшы порталы Bnews.kz -ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
Басқосуда кәсіпкерлердің ғана емес, қарапайым жұмысшылардың ертеңгі өмірі сөз болды. Себебі, жұмысшыларына уақытылы еңбекақы төлей алмай отырғандар мен реті келсе қол астындағы қызметкерлер санын қысқартуға дайын тұратын кәсіпкерлер келді. Бұған дейін 200-ден астам адамды жұмыстан босатқан «Ұлы Қабырға» ЖШС-і бүгін тағы 295 адамды қысқартуға шешім қабылдағанын хабарлады. «Қазан айында қысқартамыз» деп кесіп айтқан басшы облыс әкімінің «жұмысшылар қайда барады», «олардың ертеңгі өмірі не болады» деген сұрағына мүлде жауап бере алмады. Тіпті, жеке кабинетте айтамын деп қайта-қайта тура жауаптан жалтарды. «Қытайда келісім шартты орындамаған адамдарға қандай жаза болатынын білесің бе?»,- деген өңір басшысы жұмысшылардың өмірін ойлауды тапсырды.
«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның бас директоры бұл жиынға келмеді. Есесіне даму мен атқарылып жатқан істер жайын бас директордың орынбасары Тақталифум Есенғұлов баяндады. Оның айтуынша, қазір бұл ірі компанияда 6600-ден астам жұмысшы бар. Оның 115-і қытайлық маман. Биыл мұнай өндіру көлемі азайғанымен, газ өндіру 1 миллиард текше метрге дейін артқан. Бұл компанияда қазақстандық үлес – 30 пайыз.
«Қазақстандық үлесті арттыру керек. Шағын және орта бизнесті дамытуға сол кезде компания септігін тигізеді. 30 пайыз деген өте аз. Ал қазіргі мұнай бағасы қанша?»,- деді облыс әкімі.
Бірақ бұл сұраққа бас директордың орынбасары Тақталифум Есенғұлов жауап бере алмады.
«Мұнай бағасы төмендегендіктен өндірістің жағдайы қиын деген бос сөз. Менеджменті жақсы компания мұнайдың баррелі 30 долларға түссе де пайда таба алады. Ал біздің кәсіпкерлер үшін мұнай құны 60-70 доллардан түспеуі қажет. Бұл болмайды. Жұмысты ұйымдастыру, биылғы жылды емес, келер жылға да үлкен сеніммен кіру жолдарын қарастырамыз»,- деді өңір басшысы. Бұл барлық кәсіпкерге айтылған ортақ тапсырма. Тұралап қалмай, өткен жылғы межеге жетуді міндеттеді.
Мұнан өзге жиында облыс әкімінің орынбасары Ғали Есқалиев баяндама жасады. Қазір өңірде тау-кен, мұнай, металлугия өндіру саласында қиындықтар бар. «Тау-кен, хром, мыс, темір өндірісі азайды. Газ өндірісі де 45 пайызға төмендеді. «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ мен «Қазахойл» ЖШС-і мұнай өндірісі баяулатты. Темір өндірісі 20 пайызға төмендеді. Мұнай бұрғылау жұмыстарын «Ұлы Қабырға», «Восток нефть», «Сэнапек» ЖШС-і азайтты. Мұның бәрі өңірдің дамуын тежеп тұр. Бірақ біз Үдемелі индустриалды инновациялық даму бағдарламалары арқылы 2014 жылғы межені сақтап қаламыз. Әсіресе, Ақтөбе рельс-арқалық зауыты мен Ақтөбе ферроқорытпа зауытының іске қосылуы экономиканың өсуіне жақсы әсер етіп отыр»,- деді ол.
Ал облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова өңірдегі жұмыссыздық пен қысқартулар, кәсіпкерлердің бережағы жайын хабарлады. Биыл жыл басынан бері 1800-ден астам адам жұмыссыз қалған. Ал кәсіпкерлердің қарызы 62 миллион теңгеден асты. Әсіресе, мұнай компанияларының жағдайы қиын. Олар тіпті, үшжақты меморандумды орындай алмай отыр. Айта кетейік, жұмысшыны қысқартуға бел буған компания екі ай бұрын әкімдікке хабарлауы тиіс. Себебі, жұмыссыз қалған адамдарды мемлекеттік бағдарламалар арқылы қайта оқыту, көмек беру тетіктері қарастырылады.
Пікір қалдыру