"Жәбірленушінің бірі қаза тапты": "Дикий Арманның" қылмыстық тобы туралы жаңа мәлімет шықты

/image/2022/06/20/crop-9_7_436x774_photo_100840.jpeg

Бас прокуратура "Дикий Арман" деген лақап атпен белгілі Арман Жұмагелдиев қылмыстық тобы туралы жаңа мәліметтерді жариялады, деп жазады Tengrinews.kz.

Бас прокуратураның Қылмыстық қудалау қызметінің басшысы Серік Шалабаев қаңтар оқиғасы кезінде топ тәртіпсіздіктерге белсене қатысқанын, Арман Жұмагелдиев немесе Дикий Арманның рөлі ерекше болғанын айтты.

– 6 қаңтарда топ мүшелерінің бірі Алматыдағы "Қазақстан" қонақүйіне ұйымдасқан түрде келген қылмыскерлерге "Glock" және "Макаров" тапаншаларын таратқан. Қаруланған қылмыскерлер бір уақытта ұйымдастырушы мен оның сыбайластарынан нұсқау алған. Олар сыбайластарды 10 топқа бөлді, олардың жоспарланған қылмыста рөлі болды. "Жауаптылар" тағайындалып, оларға ұйымдастырушылар оқ өтпейтін кеудеше, басты қорғайтын құралдар, атыс қаруы және 200 мың теңге берген, – деді Шалабаев.

Оның айтуынша, қарапайым сыбайластарға сойыл және басқа да заттармен қарулану тапсырылған. Ерекше белгі ретінде барлық қылмыскердің қолында ақ таңғыш болуы керек болған.

– Қаланың түкпір-түкпірінен келген қарулы қылмыскерлердің бұл топтары 24 азаматты ұрлап әкетіп, ұрып-соғып, Ritz Carlton және "Қазақстан" қонақүйлерінің автотұрағында ұстаған. Артынша жәбірленушілер қаланың шетіне жеткізіліп, темір контейнерге қамалған. Жарақат нәтижесінде жәбірленушілердің бірі қайтыс болды, – деді ол.

Осы қылмыстық әрекеттерді жасағаны үшін 40 күдікті қамауға алынған. Қылмыстық топтың қалған мүшелерін анықтау жұмыстары жалғасып жатыр.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар