Алматыдағы Қытай консулдығының алдында бір топ адам Қытай түрмелерінде жатқан туыстарына бостандық талап етіп жүргеніне бүгін 500 күн болды. Осы аралықта Қытай билігінің өкілдігінен бірде-бір адам шығып наразы жұртпен сөйлескен емес. Тек әкімдік, полиция, прокуратура өкілдері әдеттегідей жиналғандардың әрекеті заңсыз екенін, айыппұл салынатынын, газель көлігіне тиеп әкететінін ескертеді. Көз үйренген көрініс бүгін де қайталанды.
Наразы топ Байтасов көшесінің батыс жағынан көрініп, консулдық ғимаратына қарай беттегені сол-ақ екен, олардың алдын полиция қызметкерлері кескестеп, консулдыққа маңайлатпады.
Қолына түрмеде жатқан жақындарының суреттері мен түрлі плакат ұстап шыққан адамдар кідірген жерінде талаптарын айта бастады.
"Біздің туысқандарымыз қайда", "Қытай туыстарымызды жіберсін", "түрмеде жатқан туыстарымызды босатып, үйқамақта, Қытайдың қыспағында отырған бауырларымызды Қазақстанға жібер", "Қазақстанға туыстарымыз келмейінше, біз ешқашан сенің елшілігіңнің алдынан кетпейміз, Қытай, естіп қой", "Қытай, геноцидті тоқтат", "Концлагерлер жабылсын", "Қытай, біздің кінәсіз отбасымызды жібермей, бізден құтылмайсың" деп айқайлады жиналғандар.
Наразылыққа шыққандар туыстарына бостандық сұрап арызданып жүргеніне 5 жылдан асқанын, Қытай консулдығының алдына келіп жүргеніне 500 күн толғанын айтады. Олар осы аралықты бір адам шығып, талаптарын тыңдамағанына ашынады.
Сөздерінше, өздері де, қамаудағы туыстары да ешқандай заңға қайшы ұйымға кірмеген. Тек туыстарын имам болғаны, 5 уақыт намаз оқып, ораза ұстағаны үшін түрмеге жапқан.
Сондай-ақ жиналғандар "Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі қазақтарды Қытайдың ішкі өлкелерінде мәжбүрлі еңбекке салып жатыр, бұған тоқтау салынсын" дейді.
Наразы топ әкімдік, полиция мен прокуратура қызметкерлерінің қайта-қайта ескертуінен кейін сөздерін президенттен көмек сұрап, "Тоқаев мырза, отбасымызды әкеліп беріңіз, ізден үлкен үміт күтеміз" деген өтінішпен аяқтап, тарасты.
Адам құқығын қорғау бойынша халықаралық ұйымдар Қытайды Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр секілді ислам дінін ұстанатын халықтарға "геноцид жасап отыр" деп айыптайды. Ресми Пекин мұны терістейді. Қазақстан үкіметі Қытай түрмелерінде жатқан этникалық қазақтар мәселесіне "Қытайдың ішкі ісі" деп араласуға құлықты емес. БҰҰ деректерінде 2017 жылдан бері ашылған Шыңжаңдағы лагерьлерде 1 миллионнан астам мұсылман қамалғаны айтылады. Лагерьлерден босап шыққан әйел адамдар ол жақта зорлық-зомбылыққа, еркектер азаптауға ұшырағанын айтқан.
Пікір қалдыру