Қазіргі таңда Алматы станциясын айналып өтетін ұзындығы 74,7 шақырымдық теміржол желісі құрылысының жобасын концессиялық негізде салу мәселелері пысықталып жатыр. Бұл туралы бүгін ОКҚ брифингінде ҚР ККМ көліктік бақылау комитетінің төрағасы Әсет Асавбаев xабарлады. Бұл туралы Baq.kz –ке сілтеме жасай отырып хабарлайды.
"Қазіргі таңда концессиялық ұсыныс әзірленуде. Бұл жоба бүгінде тиісті мемлекеттік органдармен және мекемелермен келісілу үстінде. Жылдың соңына дейін конкурсттық құжаматтамаларды әзірлеп, келесі жылы арнайы осы жобаны толық қолға алатын боламыз. Айналама теміржол желісі Алматы станциясы арқылы транзиттік жүк ағымын өткізуін және оның тұрып қалмауын болдырмауды қадағалайды. Бұл өз кезегінде жеткізу мерзімін азайтуға мүмкіндік береді. Осы бағытта Қытай және Орталық Азия арасында бүкіл жүк осы Алматы арқылы өтетіні белгілі. Айналма жол салынғаннан кейін осы бағыттар бойынша тасымалданатын транзиттік жүк ешбір кедергісіз өтуге мүмкіндік алады. Сондай-ақ, Алматы теміржол желісіндегі жүктеме шамамен 40 пайызға дейін азаяды деп күтілуде", деді ол өз сөзінде.
Сондай-ақ, төраға жолаушылар тасымалдау саласының бүгінгі жеткен жетістіктеріне тоқталып өтті.
"Бүгінгі таңда жолаушылар тасымалдау саласына ерекше көңіл аударылуда. Соңғы үш жылдың ішінде жолаушылар тасымалдауды субсидиялауға елімізде 70 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Бұл қаражат 50 миллион жолаушыны тасымалдауға мүмкіндік берді. Айта кетейін, бүгінде жолаушылар тасымалдау сапасын арттыру үшін көптеген жетістіктерге қол жеткіздік. Қазір жолаушылар вагондарының тозу деңгейі 70 пайыздан 53 пайызға дейін төмендесе, электронды тәсілмен жолаушыларға қызмет көрсету 5 есеге артты. Пойыздар мен вокзалдарда қызмет көрсетудің ұлттық стандарттары қабылданды. Халықтың жолауышылар тасымалдауына сұранысын қанағаттандыру үшін 500-ден аса жолаушылар вагоны сатып алынды", деді Ә.Асавбаев.
Пікір қалдыру