"Арыстанның үлкен мүсіні табылған". Қазақ түркологтары Моңғолияға экспедицияға аттанды

/image/2022/07/29/crop-8_80_552x981_1535510776__f3ccdd27d2000e3f9255a7e3e2c48800.jpg

Түрколог-ғалымдар Нәпіл Базылхан мен Нұрболат Бөгенбай Моңғолияға бір айлық экспедицияға аттанды. Қос ғалыммен елордадан Алматыға келіп, Ұланбатырға ұшқалы тұрған әуежайда шұғыл кездесіп аз-кем сұхбат құрудың сәті түсті.

Биылғы 2022 жыл түркология ғылымы үшін айтулы даталарға толы. Күлтегін ескерткішінің 1290 жылдығы, көне түркі жазбаларының құпиясын ашқан лингвист В.Томсен мен Орхон ескерткіштерін тұңғыш тапқан этнограф Н.Ядринцевтiң туғанына 180 жыл толуы, Орхон өзені бойынан табылған тастардағы жазуды аударған түрколог В.Радловтың туғанына 185 жыл толуы – сол атаулы күндерді толықтырады. Осыған орай Халықаралық Түркі академиясы көптеген іс-шараларды жүзеге асырып жатыр. Моңғолияға археологиялық экспедициясы іс-шаралар кешенінің аясындағы ірі жобалардың бірі.

Қос ғалымнан қысқа уақытта сапар жайында, түркі дүниесіне ортақ тарихи жәдігерлер хақында барынша ақпарат алып қалуға тырыстық. Қос ғалым кезегімен сөз алып, бірін-бірі толықтырып, көпшілік үшін беймәлім кейбір маңызды тарихи деректерді ортаға салды.

Нәпіл Базылхан Еуразия кеңістігінде жазуы бар түркі ескерткіштерінің жалпы саны 700-ге жуықтайтынын айтады.

Фото: Qamshy.kz

Моңғолияда анықталған жәдігер 130 шамасына таяп қалған. Түрколог солардың 78-ін өз көзімен көріп, қолымен ұстап, зерттеу жасапты.

 

Моңғолиядағы Түркі қағанаты заманынан қалған ескерткіштердің ең ірісі – Білге қағанға арналып қойылғаны. Білге қаған ескерткіші еңселі ғана емес, Түркі қағанатындағы ең көркем, ең әсем салтанатты ескерткіш болып саналады. Үлкендігі жөнінен одан кейін Күлтегін пен Тоныкөкке арналған ескерткіштер тұр. Соңғысына екі ұстын ескерткіш арналған.

 

Тас жәдігерлердегі ұзақ уақыт бойы құпиясы ашылмай келген жазуларда түркі елінің азаттығы мен береке-бірлігі, Түрік қағанаты мен оны билеген қағандар, олардың ерлігі жайында жазылған. «Батыр ұлдарың құл болмасын, сұлу қыздарың күң болмасын» деген айбарлы ұрандар қашалған.

 

Түркологтың сөзінше, бүгінгі моңғол билігі мен халқы жеріндегі түркілердің ескерткішін зерттеуге, олардың сырын ашуға деген талпынысқа дұрыс көзқараста. Бұған Халықаралық Түркі академиясының басшысы Дархан Қыдырәлі 2014 жылы Моңғолия Ғылым академиясы, Моңғолия Ұлттық музейі, Моңғолия Архив департаменті секілді ғылым-білім мекемелерімен екіжақты меморандум жасауы түркі әлемі зерттеушілеріне тиянақты да жоспарлы ізденуге жол ашқан.

 

Нұрболат Бөгенбайдың айтуынша, Моңғолиядағы түркі ескерткіш-қорғандар байтақ далада ашық аспан астында орналасқан.

Фото: Qamshy.kz

«Соларды жаңа заман талабына сай тереңірек зерттесе, көп тарихтың сыры ашылар еді» дейді ғалым. Осы жолғы экспедицияның мақсаты мен миссиясы да сол. 2019 жылы Моңғолияның Бұлғын аймағында орналасқан Шивээт улаан деп аталатын ірі ғұрыптық кешенді зерттеу барысында сегіз қырлы ғибадатхананы анықтап, орта ғасырдағы кешеннің сызбасы, құрылымы тексерілген. Қойнауына құнды жәдігерлерді жасырған сегіз қырлы ғибадатхана күмбездеп салынған. Ғалымдар осыдан-ақ күмбездеп салу түркі халықтарында ислам діні келгенге дейін де болғанын аңғаруға болады дейді. Бұл туралы археолог Әлкей Марғұлан да айтып кеткен екен. Нәпіл Базылхан бұл – күмбез сегіз қырлы ғибадатхана Ұлытаудағы Домбауыл, Аягөздегі Қозы Көрпеш-Баян Сұлу дыңына ұқсас нұсқа екенін айтады.

 

Кешен ортасын қазғанда түркі дәуірінің үш жебесі, күміс сырға, қазына салынған қобдишаның жан-жағына қағылған шегенің қалдығы табылған. Бұл орында қазбаны жалғастыру қажеттілігі туған. Шивээт улаанда бұған дейін 6 қой, 8 арыстан мүсіні табылып, түркі әлемі үшін мол қазына айқындалдып, зерттеу нысанына айналған. Биыл сонымен бірге орта ғасырдағы түркінің беделді ханзадасына арналған «Номгон» кешенінде зерттеу жалғасатын көрінеді. Ірі кешенде арыстанның үлкен мүсіні табылған. Осы кешенде жұмыс қарқынды жалғаспақ.

 

Нұрболат Бөгенбай жалпы орта ғасырдағы түркі Түркі дәуіріндегі барлық кешеннің кіретін қақпасы шығысқа қарап салынғанына назар аударып, мұны – түркілердің күнге табынғанының белгісі деп түсіну керек екенін атап өтті.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар