Қылмыстық іс материалы: Жанболат Мамайға ненің негізінде айып тағылып отыр?

/image/2022/08/02/crop-87_75_567x1009_270053381_4863240617052088_3794975769154193358_n.jpg
Ақпан айынан бері қамауда отырған тіркелмеген Демократиялық партияның лидері Жанболат Мамай өзіне тағылып отырған айыптармен танысып, әрекетін қылмыс деуге келетіндей ештеңе таппағанын айтады. Бұл туралы ол абақтыдан жазған кезекті хатында жеткізген.
 
Оның сөзінше, өзіне жұма күні "Күдіктінің іс-әрекетін саралау туралы жаңа қаулы" атты 138 беттен тұратын көлемді құжат берілген. Алайда нақты өзіне қатысты тұс тек 10 беттен тұрады. Мамайдың ісімен Алматының арнайы прокуроры айналысып жатыр.
 
Демпартия лидері іс материалдарында кінәлі екенін айғақтайтын фактілерлер ретінде ұсынылған деректер еш қисынға келмейді деп санайды.
 
"Қаулыда былай дейді: "02.01.2022 ж. тіркелмеген "Қазақстанның Демократиялық партиясының" лидері Ж. М. Мамай Facebook әлеуметтік желісінде Жаңаөзен қаласында газ бағасының көтерілгеніне қарсы митинг өткені туралы бейне үндеу жариялады. Жоғарыда көрсетілген Заң талаптарына қарамастан (прокурор бейбіт митингтер туралы түсіндіреді – Ж.М.), 03.01.2022 жылы Ж. М. Мамай Жаңаөзенді қолдау мақсатындағы өзінің әрекетін жалғастырып, барлық азаматтарды сағат 14.00-де Республика алаңында жиналуға шақырды".
 
Осыған қарап, заңды сұрақ туады: мұның несі қылмыс? Тіпті кәзіргі репрессивті заңдар бойынша да бұл бар-жоғы әкімшілік іс қана. Ол үшін, асып кеткенде, 15 тәулік береді! 10 жылға түрмеге кесу жазасына қалай тартсаң да келмейді!
 
Әрі қарай прокурор 4 қаңтар күнгі оқиғалар туралы жазады. Ең қызығы осы жерде басталады. Прокурордың мына жазғанына назар аударайық: "04.01.2022 жылы 18.30 сағат шамасында Ж. М. Мамай өз әрекеті арқылы митингке жиналуды білдіре отырып, өзінің жақтастарымен бірге, "Алматы Арена" мұз айдыны сарайына келді" деп жазды. Сонда мен "жиналуды" қалай "білдіріппін"? Олай "білдіретін" болсам, басқаша бірдеңе істеуім керек еді ғой? Мысалы, оқ атып, қиратып, бір адамға ауыр зақым келтіріп дегендей? Ондай әрекеттерге бардым ба? Әрине, жоқ. Онда не нәрсені "білдіріппін?" Бұл енді, прокурор қиялының қиянға шыққаны. Бәлкім, осындай сандыраққа толы құжаттарды толтыра отырып, олардың өздері «қылмысты ашып» отырғандарын "білдіретін" шығар?
 
Әрі қарай, прокурордың ойынша, мен тағы бір қылмыс жасаппын. Соншама қызу қанды екеніме өзім де таңқалып отырмын. "Митингке жиналуды білдіре" отырып, өзім қылмыс жасаумен айналысқан көрінем. Қандай дейсіз ғой? Оны былай дейді: "Жаңаөзенде, өзі үндеу жариялаған тұста, 10 000 адам жиналып тұр деген алдын ала жалған ақпарат таратты, онысы шындыққа жатпайды". Менің қылмысым осы екен! Олай болса, сол күндері Ақтау мен Жаңаөзенде 10-15мың наразылардың тұрғаны туралы жазған қаптаған блогерлер, журналистер менімен көршілес камераларда отыруы керек еді ғой. Содан кейін, бұл фактіні прокуратура қалай жоққа шығармақшы? Бас басынан санап шығып, "Мамай шынымен қылмыскер, өйткені алаңда 10 000 емес, бар-жоғы 9999 адам болды" дей ме? Осындай да айып бола ма? Бұл жағдайда өзіме осындай айып тағып отырғандарға "Жаңа Қазақстанның прокурорлары" мұны жазғанда, не шегіп едіңдер?" деген түрмеше сұрақ қойғым келіп кетеді.
 
Жәрайды, осымен тоқтаса ғой. Ал, Назарбаевтың, ой кешірерсіздер, прокурор Назарбайдың ойынша, мен өзімнің қылмыстық істерімді әрі қарай да жалғастырыппын. Сонда менің істегендерім мынау екен: "Әрі қарай Ж. М. Мамай, жиналған тобырдың көңіл-күйіне әсер ете отырып, жаппай тәртіпсіздік ұйымдастыруға бағытталған өзінің қылмыстық пиғылын өрбітті... Қазақстанға әділ үкімет, ашық та әділ сайлау, саяси реформа, саяси өзгеріс керек екенін, Қазақстанда осы күнге дейін бір де бір ашық та әділ сайлау өтпегенін айтып, Парламентті таратуды, ашық та әділ сайлау өткізуді, саяси партияларды тіркеуді, Қауіпсіздік Кеңесін таратуды талап етті".
 
Бұл айтқандарымның несі қылмыс? Олай болса, Ауғаныстандағы террорист тәліптер сынды заңдар қабылдаңдар. Кәзір Ауғаныстан азаматтарына билікті сынауға заңмен тиым салынған, өйткені, олардың пікірінше бұл "мұсылманның сенімін әлсіретеді". Ал, Қазақстан болса, өзін сөз бостандығына, пікір алуандығына кепілдік беретін демократиялық, зайырлы мемлекет санайды емес пе? Сонда менің қылмысым қайсы? Егер жоғарыда аталғандар қылмыс деп саналса, онда бұл пікірмен келісетін қазақстандықтардың басым көпшілігін соттау керек қой?" деген ол құжаттан прокурордың осындай шимағын көргенін айтады.
 
Оппозициялық саясаткер, тіркелмеген Демократиялық партияның лидері Жанболат Мамай ақпан айынан бері қамауда отыр. Ол алдымен қаңтар оқиғасы құрбандарына арналған қаралы митингті ұйымдастырғаны үшін 15 тәулікке қамалып, артынша екі қылмыстық іс бойынша қамау мерзімі ұзартылған. Оған алдымен "қарабет" деу арқылы құқыққорғау органы қызметкерін қорлады, несие амнистиясына байланысты "жалған ақпарат" таратты деген айып тағылған. Жақында қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық кодекстің 272-бабы 1-тармағы (жаппай тәртiпсiздiктi ұйымдастырды) және 274-бабы 4-тармағы (көрінеу жалған ақпарат таратты) бойынша тағы 2 айып тағылды. Жанболат Мамайдың жақтастары мен адам құқығы саласындағы халықаралық Human Rights Watch және Amnesty International ұйымдары белсендіні қудалаудың саяси астары бар екенін айтады.
 
Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар