Оппозициялық саясаткер, 90 жылдары лауазымды қызметтер атқарған Балташ Тұрсынбаев 76 жасында дүниеден өтті.
Балташ Молдабайұлы Тұрсымбаев 1946 жылы 24 қазанда Омбы облысы Кіші Боранкөл ауылында туған.
1969 жылы Омбы ауыл шаруашылық институтын бітірген.
1969 жылдан бастап Солтүстік Қазақстан облысында зоотехник, бас зоотехник, Преснов аудандық ауыл шаруашылық басқармасы бастығының орынбасары қызметтерін атқарған.
Одан кейін әр жылдары "Жамбыл" кеңшарының директоры, Бишікөл аудандық партия комитетінің 2-хатшысы, Целинный аудандық партия комитетінің 1-хатшысы, Солтүстік Қазақстан облысы атқару комитетінің төрағасы, Қазақ КСР-і Мемлекеттік агрокешен комитетінің төрағасы, ауыл шаруашылық, азық-түлік және экология жөніндегі Қазақ КСР-і мемлекеттік кеңесшісі, Қазақ КСР-і премьер-министрінің орынбасары, Ауыл шаруашылық министрі, Қостанай облысының әкімі, Қауіпсіздік кеңесінің хатшысы, елші, ҚР Премьер-министрі орынбасары, Қазақстанның Түркиядағы елшісі қызметтерін атқарған.
1999 жылдан жеке кәсіпкерлікпен айналысқан.
Соңғы жылдары экс-президент Н.Назарбаев жүйесін сынап, оппозициялық көзқарастарын білдіріп жүрді.
Биылғы мамырда жақтастарымен бірге екі жылдан бері қоғамдық ұйым ретінде жұмыс істеп келген "Ел мен Жер" қозғалысын саяси партияға айналдыратынын хабарлаған.
Саясаткер қазасына жүрек сырқаты себеп болғаны айтылды.
Пікір қалдыру