Биылғы оқу жылында Шығыс Қазақстан облысында 10 мың бала бірінші сыныпқа барады

/image/2022/08/18/crop-95_197_648x1152_639303c3-9105-475e-8ff3-40323b35eb77.jpeg

Облыстар бөлінгеннен кейін ШҚО 342 жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейтін болады. Екі аптадан кейін мектеп есіктері 95 138 оқушыға айқара ашылады, оның ішінде 9 728 бірінші рет партаға отырады. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында білім басқармасының өкілдері жаңа оқу жылына дайындық барысы туралы айтып берді.

Тамыздың екінші жартысы  - мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары үшін дәстүрлі түрде қарбалас кезең болып табылады. Шығыс Қазақстанда оқу жылына белсенді дайындық жүріп жатыр. Білім беру ұйымдарына күрделі және ағымдағы жөндеу жүргізу үшін 1 млрд. теңге бөлінді. Жаңа модификация кабинеттері жаңартылуда, оның ішінде ағымдағы жылы өңірдің 17 мектебіне 129,6 млн.теңгеге 22 кабинет сатып алынды. Мектептерде барлығы 787 кабинет орнатылған. Ал Риддер, Шемонаиха қалаларында, Қасым Қайсенов кентінде, Урунхайка және Жолнұсқау ауылдарында жаңа мектептер салынуда.

- Оқу жылы басталғанға дейін барлық оқушылар оқулықтармен және оқу-әдістемелік кешендермен қамтамасыз етіледі - деп атап өтті Шығыс Қазақстан облысы білім басқармасы басшысының міндетін атқарушы  Алима Ақылбекқызы.

Өңірде  дарынды балаларға арналған 6 мамандандырылған мектеп бар екенін атап кеткен жөн.Оқушыларды қабылдау ҚР оқу-ағарту министрлігі өткізетін емтихандар қорытындысы бойынша жүзеге асырылады. «ҚР оқу-ағарту министрлігінің бұйрығы негізінде қазіргі уақытта осы мамандандырылған мектептерге халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларды қосымша қабылдау жүргізілуде. Құжаттарды қабылдау ағымдағы жылдың 23 тамызына дейін жүргізіледі", - деп толықтырды ведомство өкілдері.

Сондай-ақ, брифингке қатысушылардың айтуынша, 2022 жылы «Жалпыға міндетті оқыту» қорының шығындары 1891 млн.теңгені құрады. 25 тамызға дейінгі мерзімде көп балалы және аз қамтылған отбасылардың барлық оқушылары жаңа мектеп формасымен және аяқ киіммен қамтамасыз етіледі.

Сонымен қатар, ел президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев жариялаған балалар жылы аясында өңірде «Мектепке жол» акциясы өтуде. 3 мың 345 бала мектеп, спорттық киім, аяқ киім, кеңсе тауарлары түрінде 22 млн теңгеден астам сомаға демеушілік материалдық көмек алды.

Сонымен қатар, ведомствода хабарлағандай, білім беру ұйымдарында балалар үшін қауіпсіз жағдай жасау мәселесі басымдыққа ие. Осы мақсатта облыстың жалпы білім беретін мектептері мен мектепке дейінгі мекемелерінің 100% бейнебақылау жүйелерімен жабдықталған.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар