«AMANAT» партиясы жанындағы «Жер аманаты» комиссиясы Ақмола облысына барды. Соның нәтижесінде мемлекет меншігіне 60 мың гектар жайылымдық жер қайтарылды. Енді бұл жер учаскелерін ауыл тұрғындары мал жаю және шөп шабу үшін пайдаланатын болады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұған дейін пайдаланылмай жатқан жайылымдық жерлерді мемлекет меншігіне қайтару жөнінде нақты тапсырма берген болатын.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Дәулет Кәрібек ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерімен меморандум жасалғанын атап өтті. Соған сәйкес, шаруалар 333 мың гектар жерді бұдан былай ауыл тұрғындарымен бірлесіп пайдаланады.
«Ақмола облысының тұрғындары үшін жайылым жердің жетіспеушілігі өте өзекті мәселе болып отыр. Сондықтан комиссия мүшелері мұнда белсенді жұмыс істеп жатыр. Мемлекеттік органдармен және ірі меншік иелерімен бірлесіп қабылдаған шешімдердің орындалу барысына мониторинг жүргізуді жалғастырамыз», – деді комиссия мүшесі, қоғам қайраткері Ғалым Байтоқ.
Танымал журналист, комиссия мүшесі Мақсат Толықбайдың айтуынша, комиссия өкілдері 3 айдан бері өңірлерді аралап келеді.
«Мемлекеттік органдардың өкілдері мен партиялықтардан бөлек, комиссия құрамында қоғам белсенділері және заңгерлер бар. Жайылым мәселесі ұзақ уақыт бойы қордаланып келді. Оны бір күнде шешу мүмкін емес. Сондықтан партияның барлық тетігін іске қосып, әр облыстағы мәселені бірлесіп шешіп келеміз», – деді Мақсат Толықбай.
Атбасар ауданы Сочинское ауылының тұрғыны Асылхан Тастеміров елді мекенге бекітілген 6 мың гектар жайылымның аздық етіп отырғанын жеткізді.
«Ауылда 200-ге жуық үй бар. Тұрғындардың барлығы дерлік мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл халқы ірі қара, жылқы өсіріп жан бағып отыр. Жайылым мәселесі өте өзекті. Комиссия осы мәселені шешуге көмектеседі деп үміттенеміз», – деді Асылхан Тастеміров.
Осы күні «Жер аманаты» комиссиясының мүшелері Сандықтау ауданында жер мәселесі бойынша азаматтарды қабылдады. Тұрғындар тарапынан айтылған барлық мәселе партиялық бақылауға алынды.
Айта кетейік, кейінгі бірнеше ай ішінде комиссия мүшелері Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Жамбыл, Түркістан, Ақтөбе және Солтүстік Қазақстан облыстарында болды. Жалпы, «Жер аманаты» комиссиясының көмегімен 350 мың гектардан астам жер мемлекеттік меншікке қайтарылды.
Жер мәселелерін неғұрлым жедел шешу үшін қазақстандықтар барлық заң бұзу фактілері туралы «AMANAT» партиясының «Жедел желі» 8 800 080 44 41 телефонына хабарлай алады. Өтінімдер WhatsApp арқылы да +7 700 800 44 41 нөмір бойынша қабылданады.
Пікір қалдыру