Көші-қон қызметі шетелдік азаматтарды пәтеріне алған тұлғалар шетелдіктің келгені туралы хабарлауға міндетті екенін ескертті, деп жазады Polisia.kz.
Иммигранттардың келуі мен елде болуы жөніндегі қағидалардың 9-тармағына сәйкес, пәтер иелері мен қонақ үй, пансионат басшылары шетелдік азаматтың келгенін ішкі істер органдарына хабардар етуге міндетті.
"Құрметті қазақстандықтар! Қонақ үй, хостел, пансионат және жатақхана иелері! Пәтерлер мен басқа да тұрғын үй иелері! Қазақстан Республикасының Ішкі істер министірлігі көші-қон заңнамасының талаптарын қатаң сақтауға шақырады. Шетелдік азамат келген күннен бастап 3 жұмыс күннің ішінде ішкі істер органдарына міндетті түрде хабар берілуі тиіс. Осы мерзімді өткізіп алған және көшіп келушінің келуі туралы ішкі істер органдарына хабарламаған жағдайда жеке және заңды тұлға Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 518-бабы бойынша жауапқа тартылатынын ескертеміз", - дейді көші-қон қызметі комитеті төрағасының міндетін атқарушы Аслан Аталықов.
Аталған бап бойынша заңды тұлғалар үшін 10-25 айлық есептік көрсеткішке (31 800 – 79 500 теңгеге) дейін, ал қайталанған жағдайда 100 айлық есептік көрсеткішке (318 000 теңгеге) дейін айыппұл салынады. Жеке тұлғаларға алдымен ескерту жасалады. Заң талабын қайта бұзғаны үшін 30 айлық есептік көрсеткіш немесе 91 890 теңге көлемінде айыппұл қарастырылған.
Пікір қалдыру