Қазақстандық Әбиба Абужақынова мен Елдос Сметов Ташкентте өтіп жатқан дзюдодан әлем чемпионатында қола медальға ие болды.
48 келіде бақ сынаған Әбиба Абужақынова екінші айналымда бразилиялық Аманда Лиманы, үшінші айналымда франциялық Ширин Буклиді, ширек финалда сербиялық Милица Николичті жеңді. Ал жартылай финалда жапон Натсуми Цунодадан (былтырғы әлем чемпионы) жеңілді. Әбужақынова қолаға таласта чилилік Мари Де Варгастан басым түсті.
Абужақынова – дзюдодан әлем чемпионатында жүлде алған алғашқы қазақ қызы. Бұған дейін әлем чемпионатында Қазақстан құрамасынан Моңғолиядан ауысқан Галбадрах Отгонцэцэг екі рет қола (2017, 2018) медаль иеленген еді.
Абиба Әбужақынова – Өзбекстанда дүниеге келген. Ол әлем біріншілігінде жүлдеге іліну арқылы өз мансабындағы ең үлкен жетістігіне қол жеткізіп отыр. Абибаның еншісінде Азия чемпионатының екі күміс жүлдесі мен Гранд-слэм турнирінің қола медалі бар.
Ерлер арасында 60 келіде кілемге шыққан Елдос Сметов кезекті рет әлем чемпионатында жүлдеді болды. Ол бастапқыда әзербайжан спортшысы Карамат Хусейновты, израиль балуаны Матан Коколаевты жеңіп, ширек финалда тайпейлік Ян Юн Вэйден ұтылды. Жұбаныш белдесуінде испаниялық Франсиско Гарригосты, қола медаль үшін өткен белдесуде өзбекстандық Дилшодбек Баратовтан басым түсті.
Елдос Сметов бұған дейін 2015 жылғы әлем чемпионатында алтын, 2019 жылғы біріншілікте қола иеленген. 2016 жылғы Рио олимпиадасының күміс жүлдегері. Арманы – олимпиада алтынын алу.
Пікір қалдыру