Жақиянов жауап береді: Назарбаев оппозицияға өкпелеп, өшін Семейден алды ма?

/image/2022/10/18/crop-48_16_683x1215_photo_5364103644204613604_y.jpg

Мемлекет және қоғам қайраткері, Семей, Павлодар облыстарының бұрынғы әкімі, "Қазақстанның демократиялық таңдауы" қоғамдық қозғалысын құрушылардың бірі Ғалымжан Жақиянов экс-президент Нұрсұлтан Назарбаев билік еткен тұста Семей қаласына сирек барғаны осы өңірден оппозиция өкілдері көптеп шыққанымен байланысты болуы мүмкін деген әңгіменің жаны бар деген пікірде. Бұл туралы ол Dopesoz youtube жобасына берген сұхбатында жеткізді.

Сұхбат барысында жүргізушілердің бірі бірнеше жыл қатарынан Семейге барып, қаланың күйін көріп көңілі қалғанын, семейліктер арасында Нұрсұлтан Назарбаев қалаға сирек келгенін Семей өңірінен оппозиция өкілдері көптеп шығуымен байланыстыратын әңгіме бары туралы естігенін айтады.

 

– Ол рас. Семей облысы мен кеткеннен соң бір-екі айдан кейін жабылды. Мен 97 жылы кеткем, жаңа әкімді қойғанда Назарбаев келген, одан кейін барғанын естімедім. Мүмкін бір рет болған шығар. Содан бері саяси құбылыс дейміз бе, сондайды байқауға болады. Семей жерінен өзіне қарсылас атанғандар көптеп шыққаннан кейін бармай қойған шығар" деген ол "Семей облысы жабылғаннан кейін қала, халық жағдайы нашарлап, осы үшін жергілікті халық Назарбаевқа наразы" дейді саясаткер. 

Сондай-ақ Ғалымжан Жақиянов Семей облысын жабуға қарсы болғанын, Нұрсұлтан Назарбаевтан облысты жабу туралы шешім қабылдамастан бұрын ойлануды сұрағанын атап өтті.

Ақпарат көздерінде Нұрсұлтан Назарбаев соңғы рет Семейге 2015 жылы ШҚО-ға жасаған сапары аясында барғаны туралы ақпарат бар.

1939 жылы құрылған Семей облысы 1997 жылы жабылған. Өңір қазақ халқының бай тарихымен тығыз байланысты. Семейде ұлы ақын-жазушылар дүниеге келген. Семей Алашорда үкіметінің астанасы болған. 1991 жылдан кейін билікте болып, артынша Назарбаевты, оның құрған жүйесін өткір сынаған бірсыпара азамат та осы өңірден шыққан. Олардың қатарында 1990-1995 жылдары Қазақ КСР Жоғары кеңесінің төрағасы, 1999 жылғы президент сайлауында Назарбаевтың бәсекелесі, мәжіліс депутаты болған Серікболсын Әбділдин, Қазақстанның 2-ші премьер-министрі Әкежан Қажыгелдин бар. Ғалымжан Жақиянов та шығыс тумасы. Алайда ол дүниеге келген Күршім ауданы Семей облысына кірмеген.

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар