Орталық сайлау комиссиясының қаулысына сай, Қазақстан халық партиясы атынан сайланған мәжіліс депутаты Айбек Паяевтің өкілеті тоқтатылды.
Қаулыда өкілет Паяевтің өтініші бойынша тоқтатылғаны айтылады.
Алайда желіде мұны экс-депутаттың бір ай бұрын ресейліктер шекараны заңсыз кесіп өтіп жатқанда айтқан "заң бұзған шетелдік азаматтарды бірден депортациялау керек" деген мәлімдемесімен байланыстырып жатқандар бар.
"Кетті емес, кетірді, жазды емес, жазғызды" дейді көпшілік жұрт.
Бай-бақуатты адамдарды, биліктегі шенеуніктерді "бақытты адам" деп есептейтін әзіл-шыны аралас жазбаларымен белгілі саясаттанушы Самат Нұртаза мәселеге байланысты "әр адам өз бақытыны/сорының авторы деп бекер айтпайды" деп мәлімдеме Паяевтің жылы орнын босатуына себеп болды дегенге меңзейді.
Экс-депутаттың өзі жағдайды отбасылық мәселерге байланысты Қазақстан халық партиясы қатарынан шыққанын, партиядан шыққанда мәжілістегі өкілет автоматты түрде тоқтатылатынын айтып түсіндірген. Болашақта мемлекеттік қызметке оралуға, депутат болуға қарсы еместігін де атап өткен.
Осы жерде жоғарыда айтқан саясаттанушы Самат Нұртазаның "билікті әдетте мемлекеттік қызметте істеуді жоспарламайтындар, мемқызметтен күдері үзілгендер жиі сынайды, ал мемқызметте істеп қалуы ықтимал адамдар әлеуметтік желіде тілін тістеп жүреді" дегенге саятын сөзі еске түседі.
Пікір қалдыру