Жұмыла көтерген жүк жеңіл

/uploads/thumbnail/20170708200028214_small.jpg

Облыс әкімі А.Баталовтың айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасымен облыста «100 нақты қадам» Ұлт жоспарын жүзеге асыруға бағытталған жұмыстар атқарылуда. Өңірде 5 бағыт бойынша іс-шаралар жоспары әзірленіп, орындалу мерзімі, орындауға жауаптылар белгіленді. Бұл туралы Қамшы порталы Айқынға сілтеме жасай отырып хабарлайды.

Жасалған жоспарларды іске асыру жұмыстары басталды. Мәселен, есепті мерзімде облыстың әлеуметтік-экономикалық дамудың барлық бағыттарында тұрақты өсім қамтамасыз етілді. Өндірісте 298 млрд. теңгеден астам сомаға өнім өндіріліп, нақты көлем индексі 98,4%-ды құрады. Өнеркәсіпте 23 жаңа нысан іске қосылып, қолданыстағы 5 кәсіпорын кеңейтілді. Шағын және орта бизнес тұрақты даму үстінде. Жұмыс істеп тұрған субъектілер саны 159,6 мыңға жетіп, 169,4 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Ал ауыл шаруашылығында өндірілген өнім көлемі 144,3 млрд теңгені құрады. Агроөнеркәсіптік кешенде негізгі капиталға салынған инвестиция 9,5 млрд теңге, бұл өткен жылмен салыстырғанда 1,8 есеге артық.

Әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов тұрғындар алдындағы есебінде білім беруді дамыту мемлекеттік бағдарламасының негізгі индикаторлары мен көрсеткіштері толық орындалғанын баяндаған болатын. Облыста барлығы 13 мектеп, 5 балабақша салынып, 52 нысанға күрделі жөндеу жүргізілді. Бүгінде 735 мектептің 90-ы жаңа, 277-і күрделі жөндеуден өтті. Апатты мектептердің мәселесі шешімін тапты. Үшмаусымдылықты жою үшін 51 мектептің құрылысы жоспарланса, оның 33-і Елбасы тапсырмасымен Ұлттық қор қаражаты есебінен салынады делінген еді.


Осы орайда қыркүйек айында Алматы облысы Алакөл ауданына қарасты Лепсі ауылында спортқа бейім балаларға арналған жаңа интернат ашылды. Алғашқы оқушыларды грек-рим күресінен Олимпиада чемпионы Жақсылық Үшкемпіров құттықтады. Бұл мектеп-интернат ауылдық жерде салынған алғашқы интернат екендігін атап өткен жөн. Игі істің бастамашысы және меценаттық демеушілік көрсеткен – кәсіпкер Бауыржан Оспанов.
Биылғы оқу жылында бокс, грек-рим күресі, еркін күрес, ауыр атлетика, дзюдо және шаңғы жарысы сияқты спорт түрлері бойынша 100 оқушы білім ала бастады. Бұл спортшылар – iріктеудің үш кезеңінен өткендер. Олардың ішінде Алматы облысы аудандары мен ауылдарының тумалары, сондай-ақ Павлодар, Шығыс қазақстан облысы өкілдері бар. Жыл сайын оқушылар саны мен спорт түрлері ұлғаятын болады.
Интернат базасында спорттың алты түрі бойынша мамандандырылған залдар ашылды. Ойын залы, футбол алаңы, монша, кітапхана, асхана, 250 орындық жатақхана. Сондай-ақ бапкерлер мен оқытушыларға арналып үйлер салынған. Шаңғы жолы мен ипподром салу жоспарда бар. Ашылу рәсімінде Бауыржан Оспанов интернатқа жаңа шағын автобус табыс етті, онымен балалар түрлі жарыстарға қатынайтын болады.
Сонымен қатар облыста «350 дәрігерлік амбулаториялар» бағдарламасы аясында 36 медицина мекемесі, оның ішінде 22-і өткен жылы салынған болатын. 
Өткен аптада Көксу ауданының Балпық би кентінде 250 орынға арналған жаңа емхананың ашылуы – облыста әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жұмыстарының әлі де қарқынды жүзеге асуының кепілі. Емхананың салтанатты ашылу рәсіміне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов қатысты. Жаңа нысанды аралаған өңір басшысы денсаулық сақтау нысанының қолданысқа берілуімен жиналғандарды құттықтай келе, бұл емханада сапалы медициналық көмек көрсетуге барлық жағдайдың жасалғандығын атап өтті.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айқындап берген Ұлт жоспары «100 нақты қадам» бағдарламасын іске асыруда негізгі басымдық – тұрғындарға алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсетуді жақсарту. Бұл жоспар еліміздің медицина саласын одан әрі дамытуға оң әсерін тигізеді. «Ұлт денсаулығы – біздің жарқын болашағымыздың негізі» деп атап көрсеткен болатын. Елімізде денсаулық сақтау саласының дамуына көп көңіл бөлінуде. Мемлекеттік бағдарламалар аясында денсаулық сақтау ісін реформалау, халыққа медициналық көмек көрсетуді жақсарту жөніндегі іс-шаралар тиімді жүзеге асып келеді, – деді облыс әкімі.
Емхананың құрылыс жұмыстары 2014 жылдың сәуір айында басталған болатын. Оның құрылысына республикалық бюджеттен 1,5 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген. Емхана 3 қабаттан тұрады. Ғимараттың жалпы көлемі – 3,6 мың шаршы метр. Емхана күніне 250 адамды қабылдай алады. Онда терапия, хиругия, неврология, жұқпалы ауруларды оқшаулау бөлмелері, балаларды қабылдау бөлмесімен әйелдерге кеңес беру, зертхана, рентгендік зерттеу және ультрадыбыстық зерттеу бөлмелері бар. Емхананың медицина қызметкерлерінің айтуынша, табысты жұмыс істеу үшін, барлық жағдайлар қарастырылған.
Балпық би кентінің тұрғындары жаңа емхананың ашылуына байланысты өздерінің ыстық лебіздері мен ризашылықтарын білдірді. Ауыл тұрғыны Любовь Обдина: «Ауылымызда үлкен емхана ашылып, қуанышымызда шек жоқ. Бұл біздің көптен күткен арманымыз еді. Емхана озық үлгідегі заманауи құрал-жабдықтармен қамтылған. Енді ем іздеп облыс орталығына бармайтын болдық» дейді. 
Балпық би кентінде ашылған емханаға жас мамандар жұмысқа тартылуда. «Оқуды бітіре салып, жаңа емханаға алғашқы дәрігерлердің қатарында жұмысқа орналасу – үлкен қуаныш әрі маған артылған жоғары сенім. Сол сенімді ақтау үшін тұрғындарды емдеу жолында барлық білімімді саламын» дейді жас маман Фарида Аллахвердиева.
Биыл Алматы облысында денсаулық сақтау саласына 68,6 млрд теңге бөлінген. Облыс тұрғындарына 931 мекеме медициналық көмек көрсетеді. 2015 жылы облыс аумағында 24 денсаулық сақтау нысанының құрылысы жоспарланған. Бүгінгі күні 8 денсаулық сақтау нысанының құрылысы аяқталды. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 17 денсаулық сақтау нысанына 1,4 млрд теңгеге күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
2015 жылы облыстың медицина ұйымдарын жабдықтау мақсатында жергілікті бюджет есебінен 1067,4 млн теңгеге 156 дана медициналық құрал-жабдықтар және 148,5 млн теңгеге 18 дана санитарлық автокөлік алынған.

 

Құрылыс мәселелері талқыланды

Алматы облысы әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымовтың төрағалығымен облыстағы құрылыстардың заңдылығы, құрылыс ережелері мен нормаларының сақталуы және жер мәселесіне қатысты жиын өтті.


Жиында облыстың бас сәулетшісі Дәркен Нұржанов баяндама жасап, өңіріміздің сәулет және құрылыс саласындағы мәселелерді баяндап берді. Айтуынша, 2001-2014 жылдар аралығында облыстың 552 елді мекені қала құрылысы құжаттамаларымен қамтылған. Биыл бұл мақсатқа 1,690 млрд  теңге қаражат бөлініп, 35 елді мекенге жоспарлау жобасын әзірлеу жұмысы жүргізіліп, 11 елді мекенге нақты жоспарлау жобасы әзірленуде. Содан кейін баяндамашы аудан, қалаларда Қазақстан Республикасының «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» заңының талаптары бұзылғандығы туралы нақты деректер келтірді.
Баяндамашының келтірген деректерін тыңдай келе, облыс әкімінің орынбасары Ғалымжан Әбдірайымов жиынға қатысушы аудан, қала әкімдері мен өңірлердегі бас сәулетшілерге заңсыз құрылыстардың себептерін анықтап, сол келеңсіздіктерді жою және алдағы уақытта заңбұзушылықтарға жол бермеу туралы тапсырма берді. 

«Тойқазан – 2015»

Биыл облыс тұрғындары Қазақстан халқы ассамблеясы­ның 20 жылдығы, Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 70 жылдығы, Қазақстан Рес­пуб­ли­касы Конституциясының 20 жылдығы мен республикалық ау­қымдағы Сүйінбай ақынның 200 жылдығын кең көлемде атап өтуде. Бүгінге дейін еліміз үшін айтулы мерейтойларға арналып бірқатар шаралар атқарылды. Мәселен, айтулы ме­рекелерге арналған Қарасай ауданында тойланған Ал­маты облысының Мәдениет күндері мен Талғар ауданында өт­кен «Тойқазан – 2015» ұлттық тағамдар фестивалін атап өту­ге болады. Өткен аптада кең көлемде тойланған «Той­қа­занда» еліміздегі барлық ұлт пен ұлыс өкілдерінің ұлттық тағам­дары қамтылған дастарқан жайылып, аспаздық флеш­моб көрсетілді. «Қыз қуу», «Аударыспақ» секілді ұлттық спорттық ойындар  ой­натылып, этностық билер мен ән­дер шырқалды. Оқырман қауым арасында «Кітапфест» кітап ал­масу фестивалі, сондай-ақ ұлттық қолөнер шеберлерінің бұйым­дарынан көрме ұйымдас­тыры­лып, түрлі байқаулар өт­кізілді. 


Сонымен қатар Талдықорған қаласындағы Журналистер үйінде Алматы облысының жастар саясаты мәселелері басқармасының ұйым­дастыруымен Қазақ хандығының 550 жылдығына орай­лас­тырылған «Орбұлақ түбіндегі шайқас» тарихи қойылымын ұйымдастыру және өткізуге байланысты жиын өтті. Жиынға Алматы облысының жастар сая­саты мәселелері басқармасының басшысы Рүстем Алпысбаев, Kazakh Union Action Team каскадерлік тобының жетекшісі Бауыржан Әбішев, актер Мұрат Бисембин мен Аян Өтепберген қатысты.
Кездесу барысында басқарма басшысы Рүстем Әлиұлы мен каскадерлік топтың өкілдері Қазақ хандығының 550 жылдығына орайластырылған ірі шараға қатысты бірқатар сұрақтарға жауап беріп, «Орбұлақ түбіндегі шайқас» тарихи қойылымының өту барысына қысқаша тоқталды.
2 қазанда өтетін тарихи шарада қойы­лымнан бөлек әртүрлі ойындар мен түрлі көрмелер ұйымдас­тыры­ла­ды. Ұлттық спорт түрлерінен жарыс­тар, дала кәуабы мен палауының фес­тивалі, бауырсақ-party, қазақтың ұлт­тық әшекей бұйымдарының көр­месі, мо­дель­дердің этноүлгідегі киім­дер көр­се­тілімі, заманауи әскер түр­лерінің қару-жарақтары мен киім үлгі­лерінің көрмесі және концерттік бағ­дарлама аталған жиынның көркін кел­тіреді.
Басқарма басшысы Рүстем Ал­пыс­баев ашық аспан астында өткізі­летін шараның негізгі мақсаты – ұлттық құндылықтарды жан­дандыру, тарихты еске түсіру, жастарға пат­риот­тық тәрбие беру, бойындағы рух­ты көтеру. «Орбұлақ түбіндегі шай­қас» тарихи қойылымына ар­найы 100 үйретілген жылқы, 100 атты әскер, 500 жаяу әскер қатысады. Елі­міздің бірқатар өңірлерінен қонақтар келеді деп күтілуде. Орбұлақ шайқасы – қазақ халқының Жоңғар шапқын­шылығына қар­сы ұзаққа созылған азаттық соғысының бір үзігі. Бұл соғыс 1643 жылдың жазында Жәңгір сұлтан басқарған 600 қазақ жауынгері мен 50 мың жоңғар қолын басқарған Эрдэни Батыр арасындағы шайқас.
Жетісу жерінде Сүйінбай ақынның 200 жылдық мерейтойына арналған мерекелік шара осы жылдың қазан айында аталып өтіледі. Ақынның туған жері Жамбыл ауданында ақынға арналған ескерткіштің, сондай-ақ ақынның атындағы жаңадан салынған саябақ пен күрделі жөндеуден өткен мұражайдың салтанатты ашылуы өтеді. Мерекелік шара бағдарламасында бірқатар кездесулер, конференциялар, ат жарысы, көркем концерттік бағдарлама мен өзге де шаралардың өтуі жоспарланған. 
Сондай-ақ Сүйінбай Аронұлының мерейтойын атап өту аясында Алматы облысынан құ­рылған делегация Түркияда өткен ақын ескерткішінің ашылу салтанаты мен ғылыми-тео­риялық конференцияға қатысып қайтқан болатын.

Қыс азығын жаз қамдап...

Алматы облысында 2015-2016 жылдардағы жылыту маусымына бюджеттен 7,5 млрд теңге бөлінді.

Бұл қаражатқа бюждет саласының 2243 нысанын дайындау көзделіп отыр. Оның ішінде 992 білім беру нысаны, 704 денсаулық сақтау нысаны, 547 әлеуметтік сала нысаны. Бүгінгі күні білім беру нысандарының дайындығы 992 нысан немесе 100 пайыз, денсаулық сақтау 693 нысан немесе 98 пайызды, әлеуметтік саладағы 545 нысан немесе 99,8 пайызды құрап отыр.


Орталықтандырылған жылумен қамтамасыз етілетін 28 қазандықтың бүгінгі күні жиырма жетісі, яғни 96 пайызы дайын. 40,5 шақырым жылу жүйелерінің 39 шақырымы, 13,5 электр жүйелерінің 13,2 шақырымы дайын. Демек, Алматы облысының жылу қазандығы қысқа сақадай сай тұр. 

 

 

 

 

 

Қатысты Мақалалар