Шетелден әкелінген көлікті заңдастырудың толық талаптары белгілі болды

/image/2022/12/12/crop-20_70_535x950_mashiny.jpeg

Ішкі істер министрлігі әкімшілік полиция комитеті төрағасының міндетін атқарушы Қайсар Сұлтанбаев шетелден 1 қыркүйекке дейін кіргізілген автокөліктер қалай заңдастырылатынын айтып берді.

Сұлтанбаевтың сөзінше, іздеуде жүрген (қылмыстық көлік) немесе толық кедендік тазартудан өтпеген сондай-ақ 2022 жылдың 1 қыркүйегінен кейін әкелінген автокөліктерден өзгесінің бәрі заңдастырылады. Тіпті осы талаптарға келетін "оң рульді" көліктер де, сары номермен жүрген көліктер де Қазақстан номерін алады.

Автокөліктердің шығарылған жылы мен экологиялық класына шектеу жоқ. Демек жылы жаңа да, ескілеу де көліктер заңдастырылады.

Комитет төрағасы міндетін атқарушының дерегінше, елге 1 қыркүйекке дейін 300 мыңнан астам көлік кіргізілген. Олар автосақтандыру полисі арқылы анықталған.

– Автосақтандырулардың ең көбі Ресейден келген автокөліктерге берілген, олар шамамен 260 мың, Қырғызстан автокөліктері – 25,5 мың және Армения көліктері – 18 мың, – дейді ол.

Шетелдік автокөліктерді заңдастыру қажетті заңнамалық өзгерістер күшіне еніп, тиісті үкімет қаулысы қабылданғаннан кейін басталады. Заңдастыруды жарты жылдың көлемінде өткізу жоспарланып отыр.

Автокөліктің Қазақстанға кіру күні Шекара қызметінің деректер базасы бойынша айқындалады. Шекара қызметінде көлік құралын әкелу туралы мәліметтер болмаған жағдайда автокөліктің Қазақстан Республикасында нақты болу күні автосақтандыру полисінің алғашқы ресімделген күні бойынша айқындалатын болады. 

Заңдастыру үшін 200 мың теңге, техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін тағы 13 171 теңге төлеу қажет. 2023 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекеттік нөмір мен техникалық паспорт үшін төлем сомасы АЕК мөлшеріне байланысты сәл өзгереді.

Заңдастыруға өтінішті “Электрондық үкімет” порталы немесе арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығы арқылы жүргізіледі. Ұсынылған құжаттар мен көлік құралы іздестіру базалары бойынша тексеріледі. Одан кейін автокөлік арнайы Халыққа қызмет көрсету орталығының тексеру пунктіне нөмірлік агрегаттарды салыстыру үшін ұсынылады. Содан кейін егер талап етілсе, автокөлікке кедендік декларациялау жүргізіледі, 200 мың теңге мөлшерінде бастапқы алым, сондай-ақ техпаспорт пен мемлекеттік нөмір үшін мемлекеттік баж төленеді. Тіркеу бекітілгеннен кейін автокөлік иесіне қазақстандық техпаспорт және мемлекеттік нөмір беріледі.

Дереккөз: polisia.kz

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар