Белгілі балетмейстер, әртіс Болат Аюханов дүние салды

/image/2022/12/13/525906.jpg

Биші, педагог, балетмейстер, Қазақстанның халық әртісі, Қазақстан Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Болат Аюханов 86 жасқа қараған шағында өмірден өтті.

Болат Аюханов 1938 жылы 13 қыркүйекте Семей қаласында дүниеге келген. Алматы хореографиялық училищесін А.Селезневтің класы бойынша, Санкт-Петербордағы А.Ваганова атындағы би академиясын, ГИТИС-тің балетмейстерлік бөлімін тәмәмдаған.

1957-1959 жылдары Қазақ опера және балет театрының бишісі болған. 1967 жылы «Қазақконцерт» жанындағы «Алматының жас балеті» ансамблін құрған. Сол жылдан бастап осы ансамбльде билер мен хореографиялық миниатюраларды, композицияларды («Аққу», «Айтыс», «Аңшылар биі», «Жайдарман»), бір, екі актылы балеттерді (М.Равельдің «Болеросы», В.Булгаровскийдің «Қазақ сувенирі», А.Исакованың «Гамлет», «Жарыс», «Батырлары», Т.Қажығалиевтің «Керуені», Н.Закировтың «Мәңгүрті», Бизе-Щедриннің «Кармен-сюитасы») сахнаға қойған.

1975 жылдан бастап Қазақстан классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, балет солисі, 1976 жылдан Қазақстан классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі, директоры болған. 1991 жылдан бастап Қазақ мемлекеттік классикалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі болып, 2003 жылдан бері ҚР Мемлекеттік академиялық би театрының директоры қызметін атқарған.

Сондай-ақ Е.Брусиловскийдің «Қыз Жібек» (Ш.Жиенқұловамен бірге), Д.Шостаковичтің 4-ші симфониясы бойынша «Қылмыс пен жаза», П.Чайковский мен М.Плетневтің «Евгений Онегин», Ф.Шопеннің «Шопениана», «Пахита» балеті негізінде қойылған гран па (жеке өзінің хореографиялық болжамдары) тәрізді жұмыстары қазақ балетінің ғана емес, дүниежүзілік балет тарихына енген жаңалықтар ретінде бағаланған.

Отыз жылдан астам Аюханов жетекшілік еткен ансамбль хореографиялық өнерді игеруі жөнінен әлемдік балет ұжымдарының ең үздігі саналатын алғашқы ондығына енген. Оның «Менің балетім», «Сезімдер өмірбаяны» атты кітаптары бар. Еуропа мәдениетінің ХХ ғасырдағы 60 жарық жұлдызы туралы шығатын 25 кітаптың біреуі Аюхановтың өмірі мен өнеріне арналған (авторы австралиялық өнер зерттеушісі Юри Рюнтю). 

"Болеро", "Қазақ сувенирі", "Батырлар", "Қыз Жібек", "Гамлет", "Кармен-сюита", "Шыңғысхан" және басқа қойылымдарға қатысқан. "Біздің жеріміздің байлығы", "Жауым, тоғызыншы ұлдан қорық", "Түнектің әміршісі", "Айдай сұлу Айсұлу ертегісі туралы" кинофильмдеріне түскен.

«Құрмет белгісі», «Еңбек Қызыл Ту» ордендерімен марапатталған.

Қатысты тегтер :

Пікір қалдыру

Қатысты Мақалалар