Астана әкімі қала әкімдігі Жеңіс Қасымбек құрылысы ұзаққа созылған нысандардың, аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, жағдайды жіті назарда ұстайтынын мәлім етті. Бұл туралы әкім instagram парақшасында мәселесі күрделі тұрғын үй кешендерінің тұрғындарымен кездесу бойынша жазған жазбасында айтты.
«Үш көппәтерлі тұрғын үй кешенінің үлескерлерімен кездестім. Олар – «Future home», «Арыстан», «Зере-2» тұрғын үй кешендері. Бұл тұрғын үй кешендері ең күрделі болып саналады. Жалпы алғанда, мұнда жылдар бойы 600-ден астам үлескер отбасы өз кілтін күтіп жүр. Мәселен «Future home» тұрғын үй кешенінің құрылысы 2013 жылы басталған. Нысанның өзі 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Бұл тұрғын үй кешенінде 200-ге жуық үлескер отбасы бар. Нысанның дайындығы 40%-ды құрайды. Осы орайда екі блокты бұзуға тура келгенін айта кеткен жөн. Себебі құрылыс жұмысын қайта бастау үшін жарамсыз деп танылған болатын. «Арыстан» тұрғын үй кешенінде 450-ге жуық үлескер отбасы бар. Бұл көппәтерлі тұрғын үй кешені проблемалы құрылыстың ірі нысандарының бірі болып саналады. Оны беру кезінде нысанның тек 20-30%-ы ғана дайын болған еді. Тұрғын үй кешені бірнеше блоктан тұрады, оның бір бөлігі аяқталды – шамамен 270 үлескерге баспана кілті табысталды. Қалған блоктарды да аяқтаймыз. Сол сияқты кездесуде тұрғындар нөсер кәрізін салу, жылы аялдама орнату, қосымша автобус бағытын іске қосу секілді өзге де мәселелерді көтерді. Құрылысы ұзаққа созылған тағы бір нысан – «Зере-2» тұрғын үй кешені 6 жыл бұрын проблемалы деп танылды. Мұнда 230 үлескер отбасы өз пәтерін күтіп жүр. Нысанды беру кезінде тек шұңқыры қазылған күйде ғана болған. Қазіргі уақытта құрылысы қайта жанданды, алайда жұмыс қарқынын арттыру қажет» дейді әкім.
Жеңіс Қасымбек осыған дейін әкімдік қаладағы құрылысы ұзаққа созылған нысандар бойынша үлкен жүйелі жұмыс жүргізгенін атап өтті. Оның сөзінше, ендігіде үлестік құрылысқа тиесілі 51 нысанның ішінде 15-інің проблемасын шешу қалып отыр. Оның 7-еуін биыл аяқтауды жоспарда бар. Тағы 8 нысанды (бұл 30-дан астам тұрғын үй кешені) 2023 жылы аяқтау көзделіп отыр.
"Құрылысы ұзаққа созылған нысандардың аяқталуы Мемлекет басшысының бақылауында. Үлескерлердің проблемаларын шешу – бұл біздің міндетіміз. Басты мақсатымыз – үлескерлердің өз пәтерлеріне кіріп, қоныс тойын тойлауы. Біз тұрақты негізде құрылысы ұзаққа созылған нысандардың, аудандардың, елді мекендердің тұрғындарымен кездесіп, жағдайды жіті назарда ұстаймыз. Кездесу барысында айтылған проблемаларды шешу мәселесін қолға алдық" делінген елорда әкімінің жазбасында.
Пікір қалдыру